8 жыл бұрын Алматыдағы үйінен қашып кеткен қыз табылды
АСТАНА. ҚазАқпарат- Астаналық полицейлер сегіз жыл бұрын Алматы қаласындағы үйінен қашып кеткен қызды тапты.
Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, қыз құқық қорғаушылардың назарына өзімен бірге ешбір құжаты болмағандықтан ілігіпті. Сонымен бірге оның нақты тұратын жері де болмай шықты.
Жеке басының кім екендігі анықталғанша ол ішкі істер бөлімінің арнайы бөлмесінде уақытша орналастырылды.
Полицейлер кейін анықтағандай, оның туу туралы куәлігі жоғалған, ал жеке куәлік алуға ешбір құжат тапсырмаған болып шықты.
Құқық қорғаушыларға бойжеткен өзін Екатерина Бойкомын деп таныстырған. Іздестіру шараларының нәтижесінде полицейлер оның 1994 жылы туылған Алматы қаласының тұрғыны Екатерина Коханова екенін анықтады.
Жауап алу кезінде бойжеткен өзінің туған анасын ешқашан көрмегенін айтты. Тоғыз жасқа дейін оны әкесі Иван Бойко мен өгей шешесі тәрбиелепті. Қыздың анасымен ажырасқаннан кейін әкесі оны Алматы облысы Талғар қаласындағы интернатқа береді. Интернаттан қашып үйіне келген қыз әкесінің басқа әйелмен тұрып жатқанын көреді. Әке тарапынан қолдау таппаған ол үйінен қашады.
Полицейлер Алматыдан қыздың әкесін іздеп тапты. Әкесі Екатеринаның өз қызы екенін, бірнеше жыл бұрын үйден қашып кеткенін жеткізді. Өткен демалыс күндері Астанаға келіп қызын алып қайтты.