80-ді алқымдаған композитор Ілия Жақанов ән кешін өткізді

Кешті Атырау облысының тұрғындарымен және қонақтарымен қатар аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев та тамашалады. Мерекелік концертке, сонымен қатар ақын Маралтай Райымбекұлы мен Ақұштап Бақтыгереева, құрметті теміржолшы Амангелді Селбаев пен белгілі заңгер Бекет Тұрғараев та келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңір әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Концертте композитордың "Сол бір ән", "Түнгі Серенада", "Толағай", "Әселім" сынды әндері шырқалып, көрерменнің көңілін жібітті.
"Өнер адамдарының еңбегін тоннамен, келімен, метрмен өлшеуге болмайды. Олардың жұмысын елдегі бейбітшілік пен қоғамдағы тазалықтан байқаймыз", - деді ән кешінде сөз алған аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев.
Облыс әкімі композитор Ілия Жақановты биылғы 80 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, Елбасы атынан «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалін табыстады.
Ілия Жақанов - композитор, жазушы, публицист, музыкатанушы, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері. "Біржан сал", "Ақан сері", "Үкілі Ыбырай", "Естай әнші" сынды зерттеу еңбектерінің, "Ықылас" романының, "Қайта оралған ән", "Қош бол, вальс" повестерінің, халық арасында кең таралған "Әселім әнім", "Даниярдың әні", "Аққайың", "Жайлаукөл кештері" әндерінің авторы.