80-ші Венеция кинофестивалінің лауреаттары белгілі болды
ВЕНЕЦИЯ. ҚазАқпарат – Йоргос Лантимостың «Кедей-бақытсыздар» лентасы 80-ші Венеция кинофестивалінің бас жүлдесін иеленді. Сценарий бойынша, қаза тапқан кейіпкер Эмма Стоунға тумаған баланың миын салып, оны тірілтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат dw.com сілтеме жасап.
80-ші Халықаралық Венеция кинофестивалінің «Алтын арыстан» бас жүлдесін грек режиссері Йоргос Лантимостың «Кедей-бақытсыздар» («Poor Things») фильмі иеленді. Марапаттау рәсімі кеше Венецияның Лидо аралында өтті. «Кедей-бақытсыздар» - дәрігер Франкенштейн туралы оқиғаның эксперимент нұсқасы. Сюжеті бойынша, ғалым қайтыс болған әйелге тумаған баланың миын салып тірілтеді. Басты рөлді Эмма Стоун сомдады, сондай-ақ фильм түсіріліміне Уиллем Дефо мен Марк Руффало қатысты.
Фестиваль қазыларының гран-приі жапониялық режиссер Рюсукэ Хамагутидің қоршаған ортаны қорғауға байланысты «Зұлымдық жоқ» фильміне бұйырса, «Күміс арыстанды» италиялық Маттео Гарроне «Мен капитанмын» кинокартинасындағы режиссерлігі үшін алды. Онда Италияға Жерорта теңізі арқылы жетпек болған екі сенегал қашқыны бейнеленеді.Қазылар алқасының арнайы жүлдесін Белорусь-Польша шекарасындағы қашқындардың мұңы баяндалған Агнешки Холландтың «Жасыл шекара» фильмі алды. «Граф» фильмі үздік сценарий сыйлығына лайық деп танылды. Онда Чили диктаторы Аугисто Пиночет қансорғыш бейнесінде көрсетіледі. «Естелік» фильмінде деменциямен ауыратын адамды сомдаған Питер Скарсгард үздік актер деп танылса, «Присцилла» картинасында Элвис Преслидің әйелін ойнаған Кейли Спейни үздік актриса атанды. Марчелло Мастроянни атындағы үздік актерлік дебют сыйлығын «Мен капитанмын» фильміндегі басты рөлі үшін Сейду Сарр алды.Мерейтойлық 80-ші Венеция кинофестивалі 30 тамыз бен 9 қыркүйек аралығында өтті.