800 алматылық бозбала әскер қатарына қабылданды (ФОТО)
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін алматылықтар «Қазақ Елі» алаңында өтіп жатқан әскери шеруді онлайн режімде тамашалады. Салтанатты шара барысында 800-ге жуық алматылық бозбала әскер қатарына қабылданды.
Ресми шараға қала әкімі Ахметжан Есімов, ҰОС және тыл ардагерлері, Қазақстан Қарулы Күштерінің өкілдері қатысты.
«Құрметті ардагерлер, сарбаздар, жиналған қауым. Сіздерді бүгінгі Отан қорғаушы күні мерекесімен және Жеңістің 70 жылдығымен құттықтаймын. Отан қорғау - еліміздің әр азаматының қасиетті борышы, әр ер жігіттің азаматтық парызы. Отан қорғаудың биік үлгісін қан майданда өз кеудесін оққа тосып, өз жанын құрбан етіп ҰОС ардагерлері көрсетті. Бүгінгі күні сұрапыл соғыста жеңіс туының желбіреуіне үлес қосқан ардагерлер, басқа да қақтығыста азаматтық борышын өтеген азаматтар ортамызда. Бүгінгі саптағы әскерлерге құрмет көрсету - ел парызы. Сондықтан Елбасы бастамасымен Отан қорғаушы күні бекітіліп, мемлекеттік мереке ретінде үшінші рет аталып отыр. Қарулы күштер жасағы тойтарысқа төтеп беруге қажетті заманауи әскери техникамен жабдықталған. Бүгінде еліміздің қарулы күштерінің шеберлігі мен техникалық дайындығын көрсете түсетін Астанадағы әскери парадты тамашалайтын боламыз. ҚР Президенті атап өткендей, армия - біздің егеменді мемлекетіміздің берік қалқаны. Ендеше, әскеріміз қашанда айбынды болсын!», - деді қала әкімі Ахметжан Есімов.
«Ардагерлердің атынан сіздерді бүгінгі мерекемен құттықтаймын. Әрқашан менің буыным өз елін, жұртын қорғай білді. Қандай қиын уақытта болсын. Мен соғысты басынан аяғына дейін өткен адаммын. Бұдан былай да Қазақстан Қарулы Күштерінің жоғары дәрежеде болуын тілеймін», - деп ақ тілегін жеткізді ҰОС ардагері Ғаббас Жұматов.
Ресми бөлімнен соң «28 панфиловшылар» саябағына жиналған мыңдаған қала тұрғындары Отан қорғаушы мейрамына орай Астанада өтіп жатқан Қазақстан Қарулы күштерінің әскери парадының бейнетрансляциясын тамашалады.