№ 82 «Дарын» лицейі алғашқы түлектерін ұшырды (ФОТО)

Айта кету керек, өткен жылы іргесі қаланған білім ордасы дарынды балаларды тәрбиелеуге бағытталған. Бұл лицейдің мақсаты - ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен тәжірибе жетістіктері негізінде әр оқушының табиғи зияткерлік қабілеттерін жан-жақты дамыту, дарынды балаларды шығармашыл тұлға ретінде қалыптастыру үшін жағдай жасау.
Елордадағы № 38 лицейде оқыған шәкірттер желтоқсан айынан бастап осы жаңа білім ордасына ауысқан болатын. Бүгін 24 шәкірт лицейді бітіріп отыр. Оның ішінде төртеуі «Алтын белгі» мәртебесін қорғайтын болады. Бірнеше оқушылар халықаралық байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері.
Лицей ұжымына және жас түлектерге арнаған сөзінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Әмірхан Рахымжанов тәуелсіз мемлекетімізде жас ұрпақтың білім алуына барлық жағдай жасалып отырғанын атап өтті. Еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылық, ұлтаралық келісім барлық жетістіктеріміздің негізі екенін айтты. Осы білім ордасынан болашақта ғалымдар да, ұшқыштар да, қоғам қайраткерлері де шығатынына сенім білдірді.
№ 82 «Дарын» мамандандырылған лицейінің директоры, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жамал Қасымбек алғашқы бітірушілердің орны бөлек екенін және 2016 жылдың түлектері ел тарихындағы ерекше жылда, яғни, Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында қияға қанат қағып, үлкен өмір жолына аттанып отырғандарын атап өтті. Барлық түлектерге ақ жол тіледі.
Лицей түлектері атынан Аружан Дәрібай сөз сөйлеп, тәлім берген ұстаздарына алғысын білдірді. Оқушылардың ата-аналары да білім ордасының ұжымына табыстар тілеп, рақмет айтты.
Салтанатты іс-шара соңғы қоңырау соғылуымен аяқталды.