843 мың теңге айыппұл: Алматыда газ есептегіштерін тексеруде заң бұзушылық анықталды
АСТАНА. KAZINFORM — Алматы қаласы бойынша Техникалық реттеу және метрология комитеті департаменті Алматы қаласындағы «AKTOBE GAZ INNOVATION» ЖШС-нің Алматы филиалының салыстырып тексеру зертханасына қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі мәлім етті.
Аталған жоспардан тыс тексеру жеке тұлғаның «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» Қазақстан Республикасы Заңының, сондай-ақ метрология саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілер мен нормативтік құжаттардың талаптарын сақтау мәселесі бойынша жолданған өтініші негізінде жүргізілді.
— Тексеру барысында СТ РК 2.13-2013 «Тұрмыстық газ есептегіштері. Салыстырып тексеру әдістері мен құралдары» стандартының 9.1-тармағының және Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 27 желтоқсандағы № 934 бұйрығымен бекітілген Өлшем құралдарын салыстырып тексеруді жүргізу, өлшем құралдарын салыстырып тексеру кезеңділігін белгілеу және салыстырып тексеру сертификатының нысаны қағидаларының 21-тармағының талаптары бұзылғаны анықталды, — делінген хабарламада.
Тексеру нәтижелері бойынша «AKTOBE GAZ INNOVATION» ЖШС-нің Алматы филиалына 2025 жылғы 29 қаңтардағы № FR-07-56929 қолдануға жарамсыздығы туралы хабарламаның күшін жою жөнінде нұсқама беріліп, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 415-1-бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды.
— Құқық бұзушының кінәсін мойындауына байланысты оған 843 375 теңге мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қолданылып, қызметі алты ай мерзімге тоқтатылды, сондай-ақ анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді, — деп хабарлады ведомстводан.
Қазіргі уақытта айыппұл толық көлемде төленді.
Департамент тізілімге енгізілмеген және салыстырып тексерілмеген өлшеу құралдарын пайдалану Заң бұзушылық болып табылатынын еске салды.
Осындай Заң бұзушылықтар анықталған жағдайда азаматтарға техникалық реттеу және метрология жөніндегі аумақтық органдарға жүгінуге кеңес беріледі.
Бұған дейін ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті «QazGaz Corporation» ЖШС газ құю станциясын әкімшілік жауапкершілікке тартқан болатын.