85 жастағы маңғыстаулық шебер ұлттық құндылықты насихаттап жүр

АҚТАУ.ҚазАқпарат - 85 жастағы Маңғыстау ауданының тұрғыны, шебер ұлттық құндылықты ұлықтап жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

85 жастағы маңғыстаулық шебер ұлттық құндылықты насихаттап жүр

Қолөнерші Шархат Төлемісова киіз үйді көздің қарашығындай сақтап, қастерлеп келеді. Маңызды мерекелер мен той-думандарда көз тартар қазақтың қасиетті киіз үйін тігіп, болашақ ұрпаққа насихаттаудан жалыққан емес.

Шархат Төлемісқызы - он баланы өмірге әкелген алтын құрсақты ана. Ұлттық қолөнерді дамыту, оны келешек ұрпаққа табыстау - басты парызым деп біледі. Осынша жасқа келсе де киім тоқу, жүн сабау, ұршық иіру, бұйымды ою-өрнекпен безендіру ол кісінің сүйікті ісі.

«Елдің түкпір-түкіпірінен келген танымал тұлғалар менің өз қолымнан әсемдеп жасаған, қазақи қалпын сақтаған киіз үйіме талай тамсанған», - дейді шебер.

Киіз үйін жыл сайын жаңартып тігіп, жабдықтап отырады. Ісмер жанның әртүрлі тәсілмен жасаған бұйымдары ерекше.