89 мың студентке жатақханада орын жетіспейді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздің 8 өңірінде студенттердің 10 пайызы ғана жатақханамен қамтылған. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

89 мың студентке жатақханада орын жетіспейді

«Министрлік жатақханалардағы орындарға қажеттілік туралы деректерді жаңарту жұмысын жүргізді. Бүгінгі таңда 28 жоғары оқу орнында студенттерді жатақханамен 100 пайыз қамтамасыз етеді деп айта аламыз. Олар: Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Абай, Ақтөбе, Ұлытау және Қызылорда облыстары. Болжам бойынша жаңа оқу жылында жатақханаға мұқтаж студенттердің саны 89 мыңнан асады. Бұл ретте ең үлкен қажеттілік Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында байқалады. Атап айтқанда, Алматы қаласында - 37 мыңнан астам, Нұр-Сұлтан қаласында - 14 мыңнан астам орын қажет», - деді вице-министр Орталық коммункациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның атап өтінше, жатақханалардағы орын тапшылығы мәселесін шешу үшін 30 жоғары оқу орны қонақ үйлер мен хостелдердің иелерімен 16 819 төсек-орынды жалға алу бойынша шарт пен меморандум жасады.

«Сонымен қатар, студент жастардың өмір сүру жағдайын жақсарту үшін 2018 жылдан бастап жаңа жатақханалар салынып жатыр. Осы бастаманы іске асыру басталғаннан бері жоғары оқу орындарында 20 700-ден астам төсек-орынға арналған 93 нысан, оның ішінде 2022 жылы 1470 төсек-орынға арналған 6 нысан пайдалануға берілді», - деді ол.




Фото:static0.makeuseofimages.com