9-11 сынып оқушыларына «Алматы» телеарнасынан математика сабақтары көрсетіледі

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – «Алматы» телеарнасында 9-11 сынып мектеп түлектері үшін бағдарламалық материалды сапалы игеру мақсатында жаратылыстану, математикалық бағыттағы сабақтар көрсетіледі. Бұл туралы қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

9-11 сынып оқушыларына «Алматы» телеарнасынан математика сабақтары көрсетіледі

«IV тоқсанның басынан бастап бірінші сыныптан 11 сыныпқа дейінгі оқушыларға аптасына 5 күн «Балапан» және «Еларна» телеарналарында сабақтар көрсетіледі. Сонымен қатар, «Алматы» телеарнасында 9-11 сынып мектеп түлектері үшін бағдарламалық материалды сапалы игеру мақсатында жаратылыстану, математикалық бағыттағы сабақтар көрсетіледі. Бұл сабақтар күн сайын «Алматы» телеарнасында сағат 11.00-13.00 аралығында эфирге шығып отырады. Сабақты тәжірбиелі мұғалімдер екі тілде өткізеді», - дейді басқарма басшысы.

Бүгін қаланың барлық мектептерінде сынақ сабағы өткізілді.

«Бұл сабақтың негізгі мақсаты – жүйенің қалай жұмыс істейтінін білу, олармен байланыс орнатуға, тестілеуге, жүйенің жұмысымен танысуға дайындық. Ертең, 2 сәуір күні ата-аналар жиналысы өтеді. 3 сәуірде оқушыларға сынып сағаттары жүргізіледі», - деді ол.

Бұған дейін, Алматы қаласының әкімі мұғалімдер мен мектеп оқушыларына 10 мыңнан астам компьютер бөлінгенін айтқан болатын.

Сонымен қатар, алматылық оқушылар қашықтан екі ауысымда оқиды.