9 ақпан. Тұлғалар туған күн

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін, яғни 9 ақпан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

9 ақпан. Тұлғалар туған күн

92 жыл бұрын (1931-1976) ақиық ақын, аудармашы, драматург, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Ғасыр ақыны» атағының иегері Мұқағали МАҚАТАЕВ дүниеге келді.

Алматы облысы Райымбек ауданында туған. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.

1952-1969 жылдары Қарасаз бастауыш мектебінде орыс тілінің мұғалімі, Қазақ радиосының дикторы, Шалкөдеде Қызыл отау меңгерушісі, Нарынқол аудандық «Советтік шекара» (қазіргі «Хантәңірі») газетінің жауапты хатшысы, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде, «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат»), «Жұлдыз» журналдарында әдеби қызметкер, Жазушылар одағы поэзия бөлімінің кеңесшісі қызметтерін атқарған. 1973-1974 жылдары Мәскеудегі Әдебиет және өнер институтында оқыған.

Ақынның тырнақалды туындылары Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетінде 1948 жылы жарияланған. Оның «Ақ қайың әні», «Аққулар ұйықтағанда», «Арман», «Шолпан», «Райымбек! Райымбек!», «Қашқын», «Моцарт. Жан азасы» атты поэма толғаулары мен 650-ден астам лирикалық өлеңдері бар. Ол қазақ өлеңін мазмұн, пішін жағынан түрлендіріп, интонация, инверсия, мазмұн тұрғысынан жаңалық енгізді.

Мұқағали Мақатаев поэзия жанрында ғана емес, проза, драма, сын саласында да қалам тартты. Оның «Қош, махаббат» жинағына әр жылдары жазылған «Құлпытас», «Марусяның тауы», «Өзгермепті», «Әже» әңгімелері, «Қос қарлығаш», «Жыл құстары» повестері мен «Қош махаббат» пьесасы, бірнеше сыни еңбегі енген.

Аударма саласында Шекспирдің сонеттерін, Дантенің «Құдіретті комедиясын», Е. Евтушенко, А. Акопян, Ф. Моргун, У. Уитмен, Р. Бернс, Ф. Ансаридің өлеңдерін тәржімалаған.

Оның өлеңдеріне Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Бейбіт Оралұлы, Алтынбек Қоразбаев тағы басқа сазгерлер ән жазды.

Алматыда ақын атында мектеп, көше және сол көше бойында ескерткіші бар. Туған ауылы Қарасазда мұражайы ашылды. Қазақстан Жазушылар одағы 1985 жылдан бері үздік әдеби шығарма авторларына берілетін Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлық тағайындаған.

70 жыл бұрын (1953) Мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Мәшбекұлы САПАРБАЕВ дүниеге келді.

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Бесарық ауылында туған. 1977 жылы Алматы Халық шаруашылығы институтын «Экономика және материалдық-техникалық жабдықтау» мамандығы бойынша бітірді. Экономика ғылымдарының докторы, профессор.

Еңбек жолын Қызылорда облысының Задарьинский совхозының жұмысшысынан бастады (1969-1971 жылдары); әскери қызметін өткерді (1971-1973 жылдары). Институтты бітірісімен Республикалық мемлекеттік еңбек жинақтау кассалары (гострудсберкассы) басқармасында экономист (1977); ҚазКСР Қаржы министрлігінде экономист, аға экономист, жетекші, бас экономист, бөлім бастығының орынбасары (1977-1988 жылдары); жоспарлау-қаржы басқармасының бастығы, Бас экономика басқармасының бастығы, Қазақстан Республикасы Білім министрінің орынбасары (1988-1993 жылдары); Президент Аппараты бөлімі мен Қазақстан Республикасы Министрлері кабинеті меңгерушісінің орынбасары (1993); Қазақстан Республикасы Министрлер кабинеті Істер басқармасының Қаржы, еңбек және әлеуметтік қорғау бөлімі меңгерушісінің орынбасары және меңгерушісі (1994-1995 жылдары) болды. Қазақстан Республикасы Министрлер кабинеті Аппаратының басшысы (1995); Қызылорда облысының әкімі (1995-1999 жылдары); Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі (1999-2002 жылдары) қызметтерін атқарды; Қазақстан Республикасы Кедендік бақылау агенттігінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Қаржы вице-министрі - Кедендік бақылау комитетінің төрағасы (2002-2006); Премьер-Министр Кеңсесі басшысының орынбасары - Қазақстан Республикасы Парламентіндегі Үкіметтің Өкілі (2006-2007); Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі (2007 жылы ақпан - 27 тамыз). 2007 жылдың тамызынан Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі. 2009-2014 жылдары - Шығыс Қазақстан облысының әкімі. 2014-2015 жылдары – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары. 2015-2019 жылдары – Ақтөбе облысының әкімі. 2019 жылдың ақпан-тамыз айларында Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болды. 2019-2020 ж. ж. – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары. 2020-2022 жылдары Жамбыл облысының әкімі.

«Құрмет» (1999), «Парасат» (2007) ордендерімен, «Астана» (1998), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» (2005) медальдарымен марапатталған.

68 жыл бұрын (1955) ҚР Білім және ғылым министрлігі А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Задаұлы ҚАЖЫБЕК дүниеге келді.

Жезқазған қаласында туған. 1977 жылы академик Е. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, 1980 жылы ҚазКСР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының «Түркология» мамандығы бойынша аспирантурасын бітірген.

Еңбек жолы: 1975-1977 жылдары – ҚарМУ дипломанты. 1980-1982 жылдары – ҚазКСР ҒА Тіл білімі институтының кіші ғылыми қызметкері. 1982-1989 жылдары – ҚазКСР ҒА Тіл білімі институтының ғылыми хатшысы. 1989-1992 жылдары – ҚазКСР ҒА Тіл білімі институтының Түркология және қазақ тілінің тарихы бөлімінің меңгерушісі. 1989 жылдан бастан «Халықаралық түркология орталығы» халықаралық үкіметтік емес, коммерциялық емес ғылыми-мәдени мекеменің президенті болды. 1990-2000 жылдары – ҚР ҰҒА «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы. 1992-2000 жылдары – ҚР ҰҒА Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры. 1995 жылдан бастап ҚР Президент әкімшілігінің ғылыми сарапшысы қызметін атқарды. 2000-2003 жылдары – «Еуразия» халықаралық қорының президенті. 2000-2006 жылдары – «Қазақстан» ақпараттық-талдау орталығының директоры. 2003 жылдан бастап америкалық білім беру консорциумы мен Қ. Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің «Қазақстандағы америкалық университет» халықаралық білім беру бағдарламасының жетекшісі болды. 2003 жылдан бастап Орталық Азияда Америкалық білім беру консорциумы өкілдігінің жетекшісі қызметін атқарды. 2005-2009 жылдары – ҚР ҰҒА А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері. 2006-2009 жылдары – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің төрағасы. 2012 жылдан бастап «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының вице-президенті. 2016 жылдан бастап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «ТҮРКСОЙ» орталығының жетекшісі болды. 2016-2017 жылдары – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті түркология кафедрасының меңгерушісі. 2016 жылдан бастап Ыстанбұл университеті әл-Фараби қазақ-түрік орталығы халықаралық президиумының уәкілетті өкілі және мүшесі, ҚР БҒМ А. Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты түркология және қазақ тілі тарихы бөлімінің меңгерушісі.

62 жыл бұрын (1961) Қазақстан Республикасының мемлекет қайраткері Ғосман Кәрімұлы ӘМРИН дүниеге келген.

Ақмола облысында туған. 1982 жылы Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтын «физика пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша аяқтады. 1987 жылы Ф. Дзержинский атындағы КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Жоғары мектебін офицер атағымен бітірді.

Еңбек жолы: Торғай облыстық Білім басқармасының алғашқы әскери дайындық инспекторы (1982); Торғай облысы Мұғалімдерді жетілдіру институтында физика кабинетінің меңгерушісі (1984-1985); КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті органдарында, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызмет етті (1987-1993); жеке құрылымдарда жұмыс істеді (1993-1996); ҚР Президенті жанындағы Жоғарғы экономикалық кеңес хатшылық бөлімінің басшысы (1996-1997); ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігінің стратегиялық жоспарлау, стратегиялық талдау, бюджеттік бағдарламалар департаменттерін басқарды (1997-1999); ҚР Қорғаныс министрінің экономика және қаржы бойынша орынбасары (1999-2001); ҚР Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының орынбасары (2001); ҚР Қорғаныс министрлігінде Экономика және қаржы бойынша Қорғаныс министрінің орынбасары (2001-2003); «Инжиниринг және трансферт технологиясы орталығы» АҚ президенті (2003-2004); ҚР Индустрия және сауда бірінші вице-министрі (2004); «Ұлттық инновация қоры» АҚ Басқарма төрағасы (2004-2006); «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі (2006-2007); «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасы (2007-2009); «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ Басқарма төрағасы (2009-2010); ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары (2010-2013); ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің төрағасы (2013 – 2014). ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары (2014-2019).

54 жыл бұрын (1969) Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Сәдметұлы ШӘУЕЕВ дүниеге келді.

Жамбыл облысы Луговое ауданында туған. 1994 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.

Еңбек жолы: 1994–1995 жылдары – Алматы облыстық әкімшілігінің Мәдениет басқармасы халық шығармашылығы орталығының бас маманы; 1995-1996 жылдары – Алматы қалалық әкімшілігі Тіл басқармасының Ономастика, терминология және тіл мәдениеті бөлімінің бас маманы; 1996-1997 жылдары – Алматы қаласы әкімі орынбасарының көмекшісі; 1997-2001 жылдары – Алматы қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы; 2001-2002 жылдары – Алматы қалалық ішкі саясат департаменті қоғамдық-саяси бөлімінің меңгерушісі; 2002-2003 жылдары – Алматы қаласы әкімдігінің Қазақстан халықтары Ассамблеясымен жұмыс бөлімінің меңгерушісі; 2003-2005 жылдары – ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің бас сарапшысы; 2005-2008 жылдары – «Нұр Отан» ХДП Орталық аппараты ақпараттық-талдау бөлімінің меңгерушісі; 2008 жылы – ҚР Мәдениет және Ақпарат вице-министрінің кеңесшісі; 2008-2010 жылдары – Мемлекеттік тілді дамыту қоры директорының бірінші орынбасары; 2010 жылдың қаңтарынан – Мемлекеттік тілді дамыту қоры директорының міндетін атқарушы; 2010 жылдың сәуірінен қазіргі қызметінде.

46 жыл бұрын (1977) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Амангелді Ғабдылкәрімұлы ТОЛАМИСОВ дүниеге келді.

1999 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін тарихшы, тарих пәнінің оқытушысы мамандығы бойынша бітірген. 2001 жылы аталған университеттің тарих мамандығы бойынша магистратурасын, 2010 жылы Ө. Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясын құқықтану мамандағы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 2001 жылы І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде оқытушы ретінде бастаған. 2001 жылдан 2012 жылға дейін – І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде оқытушы, аға оқытушы, тәрбие ісі жөніндегі декан орынбасары, оқу ісі жөніндегі орынбасары. 2012-2015 жылдары – І. Жансүгіров атындағы ЖМУ-де гуманитарлық факультет деканы. 2015-2016 жылдары – І. Жансүгіров атындағы ЖМУ-де мәдениет және өнер факультетінің деканы. 2016-2018 жылдары – І. Жансүгіров атындағы ЖМУ-де гуманитарлық факультетінің деканы. 2018-2019 жылдары – С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры. 2019-2020 жылдары – І. Жансүгіров атындағы ЖМУ ректорының кеңесшісі. 2020-2022 жылға дейін – І. Жансүгіров атындағы ЖУ-де гуманитарлық факультет деканы. 2022-2023 жылдары – І. Жансүгіров атындағы ЖУ-де гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің деканы. Ұлттық Құрылтай мүшесі.

Қазіргі қызметінде 2023 жылдың қаңтар айынан бастап еңбек етеді.

«Отан патриоты», «Халық алғысы», «Балалық шақ досы», «Әлемнің мейірімді адамы», «Ілияс Жансүгіров» медалімен, «Асыл әке» төсбелгісімен марапатталған.

42 жыл бұрын (1981) Қазақстан Республикасының Аустрия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Әлібек Әсетұлы БАҚАЕВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері мемлекеттік университетін аудармашы-синхронист мамандығы бойынша, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын саясаттану мамандығы бойынша, Рупрехт және Карл атындағы Гейдельберг университетін (ГФР), мемлекеттік саясат Сэнфорд мектебінің Дюк университетін бітірген.

Еңбек жолын 2004 жылы ҚР СІМ Еуропа және Америка департаментінің референті болып бастады. 2004-2008 жылдары – Германиядағы Қазақстан елшілігінің атташесі. 2008-2009 жылдары – ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі хаттама шефі, халықаралық мәселелер жөніндегі кеңесші. 2009-2012 жылдары – ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі стратегиялық жоспарлау және талдау департаментінің, халықаралық қатынастар департаментінің директоры. 2012-2013 жылдары – ҚР СІМ жалпыазиаттық ынтымақтастық департаментінің азиаттық диалогтер форумдары басқармасының басшысы. 2013-2015 жылдары – ҚР СІМ жалпыазиаттық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары, директор міндетін атқарушы. 2015-2019 жылдары – ҚР СІМ жалпыазиаттық ынтымақтастық департаменті директоры. Қазақстан Республикасының Швейцария Конфедерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі (2019-2022); Қазақстан Республикасының Лихтенштейн Князьдігіндегі, Ватикан Мемлекетіндегі, Қасиетті Иерусалим Иоанның, Родос және Мальтаның Егеменді Әскери Госпитальерлері Орденінің жанындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарды (2020-2022).

Қазіргі қызметінде 2022 жылғы қазаннан бастап еңбек етеді.