9 ақпан. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 8 ақпанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

15 қаңтар. Жылнама
Фото: Kazinform

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық стоматологтар күні

Александрияда III ғасырда өмір сүрген әулие Аполлонияны еске алу үшін бекітілген. Аполлония – Христосқа сенген көрнекті александриялық шенеуніктің қызы. Оны христиандықтан бас тартуын талап етіп, қатаң жазаға тартады. Алайда, Аполлония өлім алдында да бас имеген. Батыл қыздың өжеттігі сол кездегі замандастарын қатты таңғалдырып, кейін ел арасында Аполлония есімі естілсе не оған сыйынса, тіс ауруы бірден қоя салады деген аңыз шыққан.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1925 жылы Қазақстан астанасы Орынбордан Қызылордаға көшірілді. Кейінірек 1927 жылы Алматы қаласы Қазақстанның астанасы болып бекітілді.

1935 жылы Қазақ АССР Орталық атқару комитетінің төралқасы республиканың негізгі ұлтының атауын орыс тілінде «казахи», ал республика атауын орысша «Казахстан» деп жазу жөнінде қаулы етті. Мұнан бұрын «казаки», «Казакстан» деп жазылатын.

1985 жылы Қазақстан жазушылар одағы Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықты бекітті.

1993 жылы Қазақстан Республикасы мен Иордан Хашимит Корольдігі арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы хаттамаға қол қойылды.

1994 жылы «Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының мәртебесін және ғалымдарды мемлекеттік қолдау шаралары туралы» Президент Жарлығы шықты.

2000 жылы Мұқағали Мақатаевтың «Аманат» таңдаулы өлеңдер жинағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығының иегері атанды.

2010 жылы аспан денелерінің каталогіне Суқұйғыш шоқжұлдызындағы жұлдызға қазақстандық танымал ғалым Михаил Паниннің есімін беру туралы жазба енгізілді. Михаил Панин – төрт үлкен ғылыми монографияның, экология бойынша көптеген оқулықтар мен бірқатар оқу-әдістемелік құралдардың авторы. Республикалық және шетелдік баспаларда оның 1200-ден астам ғылыми жұмысы жарияланды. Ол ғылым мен техниканың дамуына зор үлес қосқан ғалымдар мен мамандарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендияға ие болды.

2011 жылы Брюссельде Еуропа парламентінің штаб пәтерінде «Қазақстан: бұқаралық ақпарат құралдары мен азаматтық қоғам еркіндігі» атты конференция өтті. Оны Польшаның «Ашық диалог» қоры Еуропарламенттің адам құқықтары жөніндегі комитетінің қолдауымен ұйымдастырды.

2016 жылы бірыңғай байланыс орталығы немесе баршаға 1414 атымен белгілі орталық EN 15838 халықаралық стандарты талаптарына сәйкес екендігіне сертификаттаудан сәтті өтті. EN 15838 халықаралық стандартына сәйкестік сертификаты ұйымның қызмет бағыты мен байланыс орталығының көлеміне қарамастан, кез келген ұйымдардың байланыс орталықтарында клиенттерге көрсетілетін қызмет сапасын растаудың едәуір беделді және кәсіби жүйесі болып саналады.

2017 жылы қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Қытайдағы «Singer» ән байқауына қатысып, аспан асты еліндегі танымал 10 жұлдыз рейтингінде көш бастады.

2019 жылы Польшаның Свече қаласындағы Лингвистикалық-технологиялық университетінде «Абай» мәдени-білім беру жастар орталығы ашылды. Жаңа орталықтың мақсаты – қазақ халқының салт-дәстүрлері, сондай-ақ ұлы ақын, ағартушы Абайдың шығармашылығы туралы польшалық студент жастардың білімін тереңдету.

2021 жылы Халықаралық Түркі академиясы «Шығыстың жарқын жұлдызы» шарасы аясында ұлы ойшыл, ақын Әлішер Науаи жылы жарияланды. 2020 жылы Түркі академиясы Әлішер Науаидің «Хамса» жинағына енген бірнеше өлеңін қазақ тіліне аударып, бірегей басылым шығарды. 2021 жылы ақын шығармаларын бауырлас түркі халықтарының тіліне аудару жұмыстары жалғастырылды.

2022 жылы Парламенттің төменгі палатасындағы жұмысты жаңа деңгейге көтеру және Президенттің тапсырмаларының орындалуын қадағалау үшін Мәжіліс депутаттары тарапынан «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы құрылды.

2022 жылы Қазақстан мен Өзбекстан парламентаралық ынтымақтастық кеңесін құру туралы келісімге қол қойды. Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов оқиғаның тарихи маңызын алға тарта келіп, жаңа құрылған Кеңес мемлекеттеріміздің ықпалдастығына тың серпін беретінін, қол жеткен табыстарымызды одан ары тереңдетіп, Президенттеріміздің барлық сала бойынша келісімдерін тиімді жүзеге асыруға, заңнамалық ынтымақтастықты күшейтуге жаңа жол ашатынын атап өтті.

2023 жылы Парламент Сенатының депутаттары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды жазасын одан әрі өтеу үшін беру туралы келісімді ратификациялады.

Соңғы жаңалықтар