9 айда 17 мың зияткерлік меншік нысаны тіркелді – Әділет министрлігі

Талғат Уәли
Фото: Әділет министрлігі

Биыл 9 айда елімізде 17 мың зияткерлік меншік нысаны тіркелді. Бұл туралы Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Егер жалпы зияткерлік меншік нысандары туралы айтатын болсақ, онда сауда белгілерін тіркеу туралы өтінімдер көп түседі. Мысалы, осы жылдың 9 айында тіркелген 17 мың зияткерлік меншік нысандарының 8 мыңнан астамы - сауда белгілері. Өнертабыстар саласында тамақ технологиясы, химия және медицинаға қатысты өнертабыстарға өтінімдер көбірек берілген. Мысалы, олардың ішінде құрт, көже, қымыз өндіру, протездер жасау және физиологиялық белсенді қоспалар, сонымен қатар ауыл шаруашылығы комбайндарының бөлшектерін өндіру саласы бар», - деді министрлік өкілі апталық брифинг барысында. 

Оның атап өтуінше, цифрлық технологиялардың дамуына байланысты ақпараттық технологияларға қатысты өтінімдер де белсенді түрде беріліп жатыр. Олардың қатарында медициналық жабдықтарға арналған автоматтандырылған жүйелер бар. 

«Қазақстан зияткерлік меншік саласын дамытуға жіті көңіл бөлуде. Осы мақсатта зияткерлік меншік нысандарын тіркеудің ұлттық жүйесін жетілдіру жұмыстары жасалып жатыр. Қызметтерді цифрландыру, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және авторлар мен пайдаланушыларды оқыту бойынша жұмыс қарқынды жүргізілуде», - деді ол. 

Соңғы жаңалықтар