Мектеп асханасында балалардың тамақтан улануына қатысты 9 айда 12 қылмыстық іс қозғалды
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл 9 айда мектеп асханасында балалардың тамақтан улану фактілері бойынша 12 қылмыстық іс қозғалған. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғаринның жауабында айтылған.
«Мектептегі тамақтану сапасына мониторинг жүргізу мақсатында Оқу-ағарту министрлігінің, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарының және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінен Республикалық ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы апта сайын нәтижелерді тыңдап, тиісті шаралар қабылдауда. Республика өңірлерінде құрылған тамақтану сапасын бақылау жөніндегі 222 ведомствоаралық сараптамалық топ комиссиялар қызметіне жүйелі мониторинг жүргізуде. Мониторинг 6 382 мектеп асханасын қамтыды. Осы жылдың 9 айы бойынша бақылау объектілерінде тамақтан жаппай уланудың 16 жағдайы тіркелген. Зардап шеккендердің жалпы саны – 722, оның ішінде балалар – 581 (80,5%). Аталған фактілер бойынша материалдар қылмыстық қудалау органдарына берілді, 12 қылмыстық іс қозғалды», - деді вице-премьер.
Сонымен қатар ол Маңғыстау облысында балалардың сапалы тамақтануы бойынша құқық бұзғаны үшін 171 жалпы білім беру мекемесінің әкімшілігіне тәртіптік жаза қолданылғанын атап өтеді.
«Санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылуына байланысты келеңсіз оқиға болған мектеп директоры жұмыстан шығарылды. Тиісті емес тамақ жеткізушісімен келісімшарт бұзылды. Ішкі істер органдары улану фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Қазіргі уақытта Маңғыстау облысының білім беру ұйымдарындағы эпидемиологиялық жағдай тұрақтанды», - деді Серік Жұманғарин.