9 елдің ойыншылары тоғызқұмалақтан өзара мықтыны анықтайды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында мемлекет және қоғам қайраткері Нәлқожа Ергешбаевты еске алуға арналған тоғызқұмалақтан ашық Азия кубогы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

9 елдің ойыншылары тоғызқұмалақтан өзара мықтыны анықтайды

Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясынан мәлім еткендей, жарыстың салтанатты ашылуына қала əкімі Нұрлыбек Нəлібаев, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті Мақсат Шотаев жəне облыстық тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әбдіқадыр Ергешбаев қатысып, ойыншыларға сәттілік тіледі.

Сондай-ақ шара аясында Моңғолия мемлекетінің тоғызқұмалақ қауымдастығының басшысы Долдай Ербол облыстық тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әбдіқадыр Ергешбаевқа «Құрмет орденін» табыстады.

Дүбірлі бәсекеде 9 елден, яғни Қазақстан, Ауғанстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Түркия, Ресей және Моңғолиядан 262 тоғызқұмалақшы өзара мықтыны анықтамақ.

Жарыс классика мен блиц бойынша 9 турда, 17 жасқа дейінгі жастар және одан жоғары жастағы ерлер мен əйелдер арасында 4 топта өткізіледі.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер 6 наурыз күні белгілі болады.