9 елдің шахматшылары Атырауда бақ сынайды
Шахмат фестивалі ертең, 16 тамызда басталады. Оған 260 қатысушы тіркелген. Қазақстаннан басқа АҚШ, Нидерланд, Литва, Украина, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь және Ресей елінің ойыншылары қатысады. Мақсат – Қазақстанда шахмат ойынын дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау.
«Турнир түрлі елдер мен жас өкілдерінің басын қосатын елеулі оқиға болады деп үміттенеміз. Іс-шара аясында әрбір шахмат жанкүйері өзінің күшін «шайқас алаңында» тәжірибе жүзінде сынап көре алады. Фестивальдің барлық қатысушысына тек сәттілік пен жеңіс тілеймін», - деді Динара Сәдуақасова.
Сондай-ақ Қазақстан-Британ техникалық университетінен жоба аясында бакалавриат пен магистратураға арнайы гранттар бөлінеді. Ойынды онлайн режимде www.atyrauchessfestival.kz ресми сайтынан көруге болады.
Айта кетейік, халықаралық доданың жүлде қоры 13 миллион теңгеден асады.