09:33, 15 Шілде 2010 | GMT +5
9 қабатты тұрғын үйден шыққан өртті сөндіру барысында өрт сөндіру бөлімінің 3 маманы зардап шекті
АСТАНА. Шілденің 15-і. ҚазАқпарат - Павлодар облысының Екібастұз қаласында 9 қабатты тұрғын үйден шыққан қызыл жалынның алдын алу барысында өрт сөндіру қызметінің 3 маманы зардап шекті,

деп хабарлады ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінен.
Ведомствоның мәліметінше, күйік шалған аға лейтенант медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне жіберілген. Ал 2 кіші сержант аурухананың реанимациялық бөліміне жеткізілген.
Өрт шілденің 14-і күні сағат 15:30-да 9 қабатты тұрғын үй пәтерлерінің бірінде орын алған. Қызыл жалын 80 шаршы метр аумақты шарпыған. Төтенше жағдай кезінде 27 адам қауіпсіз жерге көшірілген.
Қызыл жалынды ауыздықтауға ҚР ТЖМ Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру қызметінің жеке құрамындағы 19 маман мен 5 техника жұмылдырылды.