9 қазан. Kazinform күнтізбесі. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 9 қазанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

календарь күнтізбе
Фото: Kazinform/Midjourney

АТАУЛЫ КҮНДЕР 

Дүниежүзілік пошта күні

Дүниежүзілік пошта одағының бастамасымен 1969 жылы бекітіліп, БҰҰ-ның халықаралық күндер күнтізбесіне енгізілді. 1874 жылғы 9 қазанда Жалпыға ортақ бірыңғай пошта келісіміне қол қойылды. Төрт жылдан кейін бұл құжат Дүниежүзілік пошта конвенциясы болып өзгертілді. Осы дата Дүниежүзілік пошта одағының құрылған күні саналады. Одаққа конвенцияға қатысқан 22 мемлекеттің 21-і мүше болды. 

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1992 жылы тарихшы Халифа Алтайға «Ата жұрттан Анадолыға дейін» атты кітабы үшін Қазақстан Жазушылар одағының «Алаш» сыйлығы берілді. Халифа Алтай (1917-2003) – қазақ жазушысы, түркітанушы, теолог және аудармашы. Ислам дінінің Қазақстанда таралуына үлес қосқан. Оның есімі Өскемендегі ірі мешітке және Алматы облысы Қырғауылды ауылындағы мешітке берілген.

1996 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысындағы Киров ауданы Асықата ауданы (қазір Мақтаарал ауданына қарасты кент), Алғабас ауданы Бәйдібек ауданы болып өзгерді.

2006 жылы Қызылорда облысының Жалағаш ауылында Бұқарбай батырға ескерткіш ашылды. Ескерткіш жобасының авторы – белгілі мүсінші Мұратбай Үмбетов.

Бұқарбай Естекбайұлы (1822-1898) – Кіші жүздің батыры, шешені әрі биі, Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліске қатысқан. Кейін Сырдария бойында егіншілікпен айналысып, бүгінде сақталған Бұқарбай каналын салуға жетекшілік еткен.

2008 жылы Қазақстанда алғаш рет «I республикалық пошта маркаларының коллекциясын жинаушылар съезі» өтті. Съезде «Қазақстан марка жинаушылар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігін құру туралы шешім қабылданды.

2010 жылы қазақстандық музыкант Марат Бисенғалиев өзі құрған Батыс Қазақстан филармониялық (WKPO) және Үндістан симфониялық (SOI) оркестрлерінің жетістіктері үшін Азия және Тынық мұхит аймағының симфониялық оркестрлер (AAPRO) Альянсының басшылық құрамына сайланды.

2012 жылы Астанада Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығы құрылды. Оның мақсаты – Қазақстанда Болон процесінің келісілген қағидаттарын ұлттық және жоғары оқу орындары деңгейінде толық әрі тиімді жүзеге асыруға ықпал ету. Қазақстанның Болон процесіне қосылуы еуропалық білімге қолжетімділікті кеңейтуді, білім дәрежелері мен біліктіліктерді халықаралық деңгейде тануды, білім сапасын бағалауды, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамытуды және үздіксіз білім алуды көздейді.

2013 жылы Әлем әдебиетінің көрнекті өкілі, парсы-тәжік ақыны Фирдоусидің «Шахнаме» дастанының көшірмесі Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада таныстырылды. Қыпшақ тіліндегі бұл қолжазба әлемде жалғыз данасы саналады.

«Шахнаме» (парс. شاهنامه‎ «Патшалар кітабы») – парсы әдебиетінің көрнекті туындысы, Иран халықтарының ұлттық эпосы. Шығармада Иранның көне дәуірден VII ғасырда ислам діні енгенге дейінгі тарихы баяндалады. Көлемі жағынан бұл – әлемдегі ең ұзақ дастандардың бірі, «Илиада» мен «Одиссеяны» қосқандағы көлемнен екі есе үлкен.

2014 жылы Қазақстан мен Еуропа одағы арасында Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі жөніндегі екіжақты келіссөздердің аяқталғанын растайтын бірлескен құжатқа қол қойылды. Қазақстан тарапынан құжатқа Экономикалық интеграция істері министрі Жанар Айтжанова, Еуропа одағынан сауда мәселелері жөніндегі еурокомиссар Карл Де Гюхт қол қойды.

2015 жылы Шымкентте қазақтың батырлары Тілеу Айтұлы мен оның ұлы Жолдыаяққа арналған ескерткіш ашылды. Тас мүсін Қажымұқан атындағы орталық стадионның батыс жағындағы гүлзарбақта орналасты. Тарихи мүсіннің ашылу салтанатына жергілікті билік өкілдері мен шаһар тұрғындары және Ақтөбеден арнайы келген батырдың ұрпақтары қатысты. Тарихи кешеннің авторы – мүсінші Әбдікәрім Ахметов. Ескерткіштің биіктігі – 10 метр.

Тілеу Айтұлы – Алты алашқа әйгілі, би әрі батыр қолбасшы. Ноғай ұлысының билеушісі Мұсаның ұрпағы. 1681-1684 жылдары жоңғарларға қарсы шапқан, Сайрам соғысында 17 мың қол жинап, қасына ұлы Жолдыаяқ пен інісі Қалдыбай батырларды ертіп, сол далада ерлікпен қаза тапқан.

2017 жылы Қазақстанның дипломатиялық қызметінің 25 жылдығына арналған пошта маркасы айналымға шығарылды. Марка «Естелік және мерейтойлық даталар» сериясына кіреді. Номиналы – 100 теңге, таралымы – 10 мың дана. Марканың суретшісі – Павел Верховский, дизайнері – Сергей Маршев.

2019 жылы жас әнші Данэлия Төлешова Қазақстандағы ЮНЕСКО клубтарының елшісі атанды. Оған мәртебесін растайтын төсбелгі мен арнайы сертификат Қазақстандағы ЮНЕСКО клубтары федерациясының республикалық есеп беру-сайлау конференциясында табысталды.

ЮНЕСКО клубтарының елшісі – қоғамға елеулі үлес қосып жүрген, белсенді азаматтық ұстанымы мен қоғамдық пікірі маңызды тұлғаларға берілетін мәртебе. Елші ЮНЕСКО құндылықтарын насихаттап, ұйымның мақсат-міндеттері туралы қоғамның хабардарлығын арттыруға және клубтар қозғалысын кеңінен танытуға ықпал етеді.

2019 жылы Ұлы ақын және ойшыл Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Қарқаралы ауданының тұрғыны жерлестеріне сыйлық жасады. Манарбек Кәрім өзінің ұлымен бірге Абайдың портретін тасқа ойып, Қарқаралыдағы тарихи ғимараттың жанына орнатты.

Бұл – Абайдың әкесі Құнанбай мен өзі қонақтаған татар көпесі Халиолла Бекметовтің үйі. Аталған үйді Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романында кеңінен суреттеген.

2020 жылы Теміртау тарихи-өлкетану музейінде өткен көрмеде өткен ғасырдың басында жазылған көне Құран таныстырылды. Музейге бұл құнды кітапты 20 жыл бұрын мешіттің наиб имамы Абдуали Асанов сыйға тартқан. Құран оның отбасында ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып сақталған.

2021 жылы Түркістан музыкалық-драма театры ашылды. Театр шымылдығы белгілі жазушы-драматург, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабековтің «Бөрте» пьесасымен ашылды. Шығармада тағдыры тартыс пен трагедияға толы, ақылды әрі батыл Бөртенің өмірі және оның ұлы қолбасшы Шыңғыс ханның тағдырындағы маңызды рөлі баяндалады.

2021 жылы қарағандылық астрофотограф Евгений Бондардың «Темір эдельвейс» атты жұмысы 35AWARDS халықаралық байқауының үздік жұмыстар тізіміне енді. Байқауға әлемнің 118 елінен және 844 қаласынан 1 622 адам қатысып, қазылар алқасына 3 мыңнан астам фотосурет ұсынылды. Евгений Бондарь астрономияға арналған байқаулар мен форумдарға тұрақты қатысып, жүлделі орын иеленіп жүр. Оның мақсаты – өз бағыты бойынша 35AWARDS жылдық байқауының жеңімпазы атану. Ол – әуесқой астроном, ал астрофотографиямен хобби ретінде айналысады. 

2023 жылы Қарағанды облысында республикада алғаш рет полиция департаменті жанынан отбасына көмек көрсету орталығы пилоттық жоба ретінде ашылды. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған бұл тәсіл халықаралық тәжірибе негізінде енгізілді.

2024 жылы Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің қамқорлығымен «Ортақ болашақты қалыптастыру: дінаралық диалогты нығайтудағы жас көшбасшылардың рөлі» атты Жас діни көшбасшылар форумы өтті. Оған әлемнің 30 елінен 200 адам қатысты. Панельдік сессияларда жаңа технологиялар дәуіріндегі рухани құндылықтар, соның ішінде жасанды интеллектінің мүмкіндіктері мен сын-қатерлері талқыланды.

2025 жылы Майқайыңда 2024 жылғы 4 қаңтарда алтын кенішіндегі апаттан қаза тапқан құтқарушыларға арналған мемориалды кешен ашылды. Мемориалға тау-кен құтқарушылары Айдос Шаймерден, Олег Тышкевич, Сарқыт Бердіхан және Айып Тілеубергеновтің есімдері қашалып жазылған.

2025 жылы Қазақстан жоғары білім беру саласында алғаш рет әлемнің үздік елдері қатарынан көрінді. Times Higher Education World University Rankings-2026 рейтингінде бес қазақстандық жоғары оқу орны жаһандық рейтингке енді. Nazarbayev University алғаш рет үздік 500 университет қатарына кіріп, Қазақстан үшін рекордтық нәтижеге қол жеткізді. Сондай-ақ әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Satbayev University және Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті рейтингтен орын алды. Рейтинг университеттерді бес бағыт бойынша бағалайды: білім беру сапасы мен академиялық бедел; ғылыми зерттеу ортасы; зерттеулердің сапасы мен ықпалы; халықаралық байланыстар; өнеркәсіппен ынтымақтастық және патенттік белсенділік.

2025 жылы Астанада Өнер музейі ашылды. Музей қорында 1 600-ден астам ұлттық музыкалық аспап бар. Мұнда желбуаз, мес сырнай, уілдек, тастауық секілді сирек кездесетін, ұмыт бола бастаған аспаптарға ерекше назар аударылған. Музейдің ашылуы ұлттық мәдениет пен қолөнерді кеңінен насихаттауға ықпал етеді. Өнер музейі XIX ғасырдың соңында салынған бұрынғы мектептің тарихи ғимаратына орналасқан.