9 мамыр күні түнде Жерге кеңестік әскери спутник құлап түседі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жерді 32 жыл бойы айналып жүрген «Космос-1242» кеңестік әскери спутниктің сынықтары 9 мамыр күні түнде Тынық мұхит үстінде атмосферада жанып кетеді. Бұл туралы РФ Әуе-ғарыштық қорғаныс әскерлерінің ресми өкілі полковник Алексей Золотухин мәлім етті, деп хабарлады ИТАР-ТАСС.
«Әуе-ғарыштық қорғаныс әскерлері ғарыштық жағдайды барлау бас орталығының мамандары «Космос-1242» ғарыштық аппараты бөлшектерінің орбитадағы параметрлеріне өзгерістерді үздіксіз мониторинг жасауда. 8 мамырдағы жағдай бойынша нысан жер айналасындағы орбитада, оның параметрлері: айналу кезеңі 87 минут, көлбеуі - 81 градус, апогей биіктігі 190 км, перигей биіктігі - 167 км», - деп нақтылады ол.
Орталық болжамдары бойынша, «Космос1242» сынықтары Тынық мұхит алабы үстіндегі орбитадан 9 мамыр күні Мәскеу уақытымен сағат 01:51-де кетеді.
«Космос-1242» аппаратының бөлшектері құлайтын түпкілікті уақыты мен орны сыртқы факторлардың әсерінен өзгеруі мүмкін», - деп атап өтті Золотухин.
Кеңестік «Космос-1242» ғарыштық аппараты 1981 жылғы 27 қаңтарда «Восток-2М» зымыран тасығышымен Плесецк ғарыш айлағынан ұшырылған болатын. Ғарыш аппаратының орбитада белсенді өмір сүруі 1982 жылғы 15 мамырда аяқталды.