9 спорт журналисіне «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі берілді
АСТАНА. KAZINFORM - БАҚ қызметкерлері күніне орай бірқатар спорт журналистикасының өкілдері «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Салалық журналистиканың үздіктері қатарында Kazinform агенттігінің тілшісі де бар.
Күнсұлтан Отарбай 2014 жылдан бері Kazinform агенттігінде қызмет атқарып келеді, оған дейін «Қазақ спорты», «Sport» газеттерінде тілші болған. 2014 жылы Сочидегі қысқы Олимпия ойындары, 2016 жылғы Рио-Де Жанейро Олимпиадасы, 2017 жылы Инчхонда өткен Азия ойындары және 2024 жылғы Париж Олимпиадасынан хабар таратқан кәсіби журналист. Сейдахмет Бердіқұлов атындағы арнайы сыйлықтың лауреаты.
«Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталғандар:
- Иван Резванцев – «Дядя Ваня» ақпараттық арнасының бас редакторы (спорт журналистикасында 31 жылдан бері еңбек етіп келеді);
- Антон Алексеев – «Тенгри спорт» ақпараттық порталының редакторы;
- Күнсұлтан Отарбай – «Kazinform» халықаралық ақпарат агенттігінің тілшісі;
- Тахир Хамракулов – Sport12 ақпараттық порталының бас редакторы;
- Ақырыс Сейтқазы – Sportbugin.kz ақпараттық порталының бас редакторы;
- Азамат Жоламанов – «Спорт Шредингер» ақпараттық порталының редакторы;
- Дмитрий Нестеренко – «Sport+ Qazaqstan» телеарнасының редактор-тілшісі;
- Тұрлыжан Әйтенов – KazSports.kz сайтының редактор-тілшісі;
- Әли Битөре – Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталының редакторы.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ведомстволық марапаты ҚР Туризм және спорт министрлігінде табысталды. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның тапсырмасымен марапатты ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Әлішер Мұқажан табыстады. Іс-шараға Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев қатысты.
Айта кетейік, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі – Мәдениет және ақпарат министрлігінің ведомстволық марапаты. Төсбелгі жоғары кәсіби шеберлігі және отандық бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін табысталады.
Осыған дейін Мемлекет басшысы Президент Телерадиокешенінің қызметкерлерін марапаттаған болатын.