90 ит мекендейді: Иесі өлтірілген «Dog House» панажайының болашағы не болады

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысының әкімдігі Жамбыл ауданының Шолаққарғалы ауылындағы «Dog House – Твардовский дом» жеке панажайына қатысты мәлімдеме жасады.

Иесі өлтірілген «Dog House» панажайының болашағы не болады
Фото: Алматы облысының әкімдігі

Облыс әкімдігінің мәліметінше, қазір иттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бақылауда. Атап айтқанда «Dog House – Твардовский дом» жеке панажайында қалған иттерге көмек көрсету, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тиісті жағдай жасау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

- Панажай иесі Владимир Тепляковты жерлеу рәсімі аяқталғаннан кейін марқұмның досы Рамзан Бацалов Шолаққарғалы ауылындағы панажайда қалған 90 итті Мыңбаев ауылдық округінде орналасқан жеке питомнигіне алып кетуге дайын екенін білдірді. Қазіргі уақытта иттерді қауіпсіз тасымалдау және тиісті жағдайларға орналастыру мәселелері пысықталып жатыр, - деп хабарлады әкімдіктен.

Аталған мәселе Алматы облысының әкімдігі бақылауында екені атап өтілді.

Еске салайық, Алматы облысында «Dog House — Твардовский дом» иесіз жануарлар панажайының негізін қалаушы Владимир Тепляков мерт болды. Полиция 7 қазанда «Адам өлтіру» бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтап, ұстауға бағытталған тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.