90 жылдық мерейтой: Алматы қуыршақ театрында 1500 қойылым қойылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – 2024 жылы Алматыдағы қуыршақ театрына келген көрермендер саны екі есе артты.

Алматы қаласының мемлекеттік қуыршақ театрының директоры Алмат Амангелдінің айтуынша, былтыр өнер ордасы 1 390 қойылым ұсынған және оны 92 мың көрермен тамашалаған. Сондай-ақ өткен жылы театр қызметкерлерінің жалақысы 30%-ға өскен. Ал 16 маман Канада, Ресей және Қырғызстанның жетекші театр мектептерінде біліктілігін арттырды.
- Бұл соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіш болды. Билеттерден түскен табыс та тарихи деңгейге жетіп, 80,8 млн теңге болды. Қазақстанның қуыршақ театры дәстүрлерді сақтап қана қоймай, инновациялар енгізіп, репертуарын кеңейтіп, халықаралық деңгейге де шығып жатыр, – деп атап өтті Алмат Амангелді.
Биыл мемлекеттік қуыршақ театры 90 жылдық мерейтойын ауқымды бағдарлама бойынша атап өтпек. Көрермендерге жаңа қойылымдар, «Almaty Puppet Festival» үшінші халықаралық фестивалі, сондай-ақ театр мұражайының ашылуы және тарихи кітаптың шығуы ұсынылады. Сонымен қатар театр спектакльдер санын арттырып, бір жылда 1500 қойылым қоюды және аудиторияны 95 мың көрерменге дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Театр биыл төрт премьераны ұсынады:
- «Орман ғажайыптары» - шытырман оқиғаларға толы ертегі.
- «Наурыз құпиясы» – халық дәстүріне негізделген спектакль.
– «Менің атым Қожа» - Бердібек Соқпақбаевтың әйгілі шығармасын сахналау.
– «Ортеке» - қуыршақ өнерінің шығу тегі туралы баяндайтын бірегей қойылым.
Еске салайық, бұған дейін Алматы қуыршақ театры бірнеше халықаралық фестивальде жүлделі болғанын жазғанбыз.