19:09, 30 Қаңтар 2019 | GMT +5
94 қоянды заңсыз атқан қызылордалық ұсталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қызылордада жүзге жуық қоянды заңсыз атқан ауыл тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне сілтеме жасап.

«2019 жылы 25 қаңтарда Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы және «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-ның инспекторлары бірлескен рейдтік шарада Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Т. Көмекбаев ауылының шығысында заңсыз қоян атқан С.Н. есімді тұрғынды (1989 ж. т.) ұстады», - деп хабарлады комитеттің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет.
Оның «УАЗ» автокөлігінен 94 қоян табылған. Қоянның 64-і сойылған.
«Күдікті өз кінәсін мойындап, жинақталған құжаттар мен айғақтар Қармақшы аудандық полиция бөліміне тапсырылды. ҚР Қылмыстық Кодексінің 337-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды», - делінген хабарламада.