94 мыңнан астам педагог «Ұстаз» платформасы арқылы аттестаттаудан өтпек

АСТАНА. KAZINFORM — 2024–2025 оқу жылында педагогтерді аттестаттау процесі алғаш рет «Ұстаз» ұлттық платформасы арқылы толықтай цифрлық форматта жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлім етті.

мұғалім, ұстаз, педагог
Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

— Платформада мұғалімге қатысты мәліметтер бірнеше мемлекеттік дерекқордан автоматты түрде алынады. Қызмет орны, еңбек өтілі, білім деңгейі мен жетістіктері бір жүйеге жинақталған. Цифрлық формат қағазбастылықты жойып, аттестаттаудың әділ әрі ашық өтуіне мүмкіндік берді, — делінген ведомство хабарламасында.

Ұстаздың педагогикалық шеберлігі туралы деректерді қадағалаушы мамандар бақылау парақтарын толырып, оны педагогтің жеке профиліне жүктейді. Әр маман сабақ қорытындысын электрондық цифрлық қолтаңба арқылы растап, педагог еңбегіне әділ баға береді. Ал білім сапасы, кәсіби жетістіктер мен белсенділік бойынша деректер әзірге арнайы модуль арқылы қолмен енгізілмек.

Бүгінде платформада мектепке дейінгі, жалпы орта, арнайы, қосымша, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарынан 635 мыңнан астам педагог тіркелген. Олардың ішінде 94 мыңнан астамы «Педагог-модератор» және «Педагог-сарапшы» санаттары бойынша жүйе арқылы аттестациядан өткізілмек.

Бүгінде 66 мыңға (71%) жуық мұғалімнің аттестация қорытындысы шықты. Алдағы уақытта өзге де біліктілік санаттары қамтылып, цифрлық платформа аясы кезең-кезеңімен кеңейтіледі.

Бұған дейін хабарланғандай, жаңа оқу жылында 30 мыңнан астам педагог біліктілігін арттырады.

 

Соңғы жаңалықтар