9,8 млрд теңге қысқартылды: ҚазАвтоЖол екі жол жобасына қатысты түсінік берді
АСТАНА. KAZINFORM — ҚазАвтоЖол екі жол жобасы бойынша 9,8 млрд теңгенің қысқартылу себептерін түсіндірді.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ көлік прокуратурасы мәлімдеген республикалық маңызы бар екі жол жобасы бойынша жалпы сомасы 9,8 млрд теңгеге жуық шығынның қысқартылуына қатысты түсініктеме береді. Бұл — екі бөлек жоба және әрқайсысы бойынша қаражатты қысқартудың өзіндік себебі бар.
М-32 «РФ шекарасы (Самараға) — Шымкент» автожолының 1153–1240 шақырымдарын орташа жөндеу қажеттілігі 2025 жылы анықталған. Жолдың жай-күйі құқық қорғау органдарының өтініштері мен бірнеше рет жүргізілген комиссиялық тексерулер барысында тіркелді.
2025 жылғы ақпанда жолдағы ақауларды жою және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін Қандыағаш көлік прокуратурасы көтерді. Көктемде бұл учаскені жөндеу қажеттігін Ырғыз ауданының полициясы мен прокуратурасы да растады. 19 мамырда жүргізілген комиссиялық тексерудің қорытындысы бойынша 1153–1240 шақырымдар аралығына орташа жөндеу қажет деп танылды. 2025 жылдың күзінде қайта жүргізілген тексеру бұл шешімнің негізді екенін тағы да растады.
Осыдан кейін нысан Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитетімен мақұлданып, «ҚазАвтоЖолдың» мемлекеттік тапсырмасына енгізілді. Техникалық құжаттама ведомстволық сараптамадан өтіп, 2026 жылғы 19 ақпанда Жол активтері сапасының ұлттық орталығынан оң қорытынды алды.
Сатып алу рәсімдерінің қорытындысы бойынша 2026 жылғы 30 наурызда 87 шақырым жолды орташа жөндеуге 9,803 млрд теңгеге шарт жасалды.
Сонымен қатар 2026 жылы «Ұлғайсын — Сексеуіл» бағытын I-б техникалық санатқа дейін жеткізуді көздейтін ауқымды қайта жаңарту жобасы пысықтала бастады. Орташа жөндеу туралы шарт жасалған кезде қайта жаңарту жобасының ұйымдастырушылық және қаржылық мәселелері әлі нақтылану сатысында болатын.
Инвестициялық жоба бойынша экономикалық сараптама 2026 жылғы 7 шілдеде алынды, ал кредиттік желі ашу туралы келісімге 24 шілдеде қол қойылды. Қайта жаңарту бойынша құрылыс жұмыстары 2027–2030 жылдарға жоспарланған.
Қайта жаңарту жобасының нақты параметрлері айқындалғаннан кейін «ҚазАвтоЖол» көлік прокуратурасымен бірлесіп, алдағы жұмыс көлемдерінің қайталануына жол бермеу үшін екі жобаны өзара салыстырып, нақтылады.
— Осы кезеңге дейін жоспарланған 87 шақырымның 25 шақырымы жөнделіп үлгерген. Қалған бөліктегі жұмыстарды жалғастыру тоқтатылды. Соның нәтижесінде шарт құны 9,803 млрд теңгеден 2,710 млрд теңгеге дейін, яғни 7,093 млрд теңгеге қысқартылады, — делінген хабарламада.
Осылайша, М-32 автожолын орташа жөндеу жолдың нақты жағдайына, комиссиялық тексерулердің қорытындысына, мемлекеттік тапсырмаға және сараптаманың оң қорытындысына сәйкес жоспарланып, басталған. Кейін қайта жаңарту жобасының нақты параметрлері мен қаржыландыру тетігі айқындалған соң, орташа жөндеудің қалған көлемін орындау қажеттілігі алынып тасталды.
Екінші нысан — А-34 «Жетібай — Жаңаөзен — Кендірлі — Түрікменстан шекарасы» автожолының 179–229 шақырымдарын күрделі жөндеу жобасы бойынша қаражаттың қысқартылу себебі басқа.
Жобалау кезінде нысанға жақын орналасқан техникалық су көздері туралы расталған мәлімет болмаған. Сондықтан бастапқы құжаттамада суды тасымалдауға қосымша шығын қарастырылды.
— Жобаны іске асыру барысында тапсырыс беруші мердігер ұйыммен бірлесіп, бұл мәселені қосымша зерделеді. Нәтижесінде нысанға жақын жерден техникалық су көздері анықталды. Тасымалдау логистикасының өзгеруі бұрын қарастырылған шығындардың бір бөлігін алып тастап, жоба құнын 2,730 млрд теңгеге төмендетуге мүмкіндік берді. Бұл жұмыстың нәтижелері Маңғыстау көлік прокуратурасына ұсынылды.
Осылайша, екі жоба бойынша қысқартылатын қаражаттың жалпы көлемі шамамен 9,8 млрд теңге. Оның 7,093 млрд теңгесі М-32 автожолында бұрын басталған орташа жөндеуді кейінгі қайта жаңарту жобасымен үйлестіру нәтижесінде алынып тасталады. Ал А-34 автожолы бойынша 2,730 млрд теңге бастапқы деректерді нақтылау және техникалық шешімдерді оңтайландыру есебінен қысқартылды, — делінген ҚазАвтоЖол хабарламасында.
Айта кетелік жол жөндеуге 10 млрд теңге тиімсіз бөлінгені анықталғаны туралы жазған едік.