+997: Қазақстанның жаңа телефон коды белгіленді
«Жақсы жаңалық! БҰҰ жанындағы халықаралық электр байланыс одағы Қазақстанға жаңа +997 дэф кодын белгіледі. Енді біздің елден басқа мемлекетке қоңырау шалғанда, шетелдіктердің телефонында Қазақстан деген жазу шығады. Сондай-ақ халықаралық деңгейдегі цифрлы сервистерді қолданғанда да, барлық жерде Қазақстан деген сигнал шығады», - деп жазды Бағдат Мусин өзінің Facebook парақшасында.
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта тиісті құжаттар рәсімделіп, жаңа кодқа көшу бойынша іс-шаралар атқарылып жатыр.
«Кезінде КСРО тарағанда, +7 халықаралық телефон коды екі елге бірдей бекітілген болатын. Біз Қазақстанға ғана тиесілі халықаралық кодқа қол жеткізу үшін былтырдан бері телекоммуникация саласындағы компаниялармен бірге жан-жақты жұмыс жүргізіп келеміз. Осы келіссөздердің нәтижесінде біздің елге дербес +997 коды бекітілді», - дейді ведомство басшысы.