9 млн көшет, 2 мың гектар орман: Қазақстанның экологиялық жобасы халықаралық алаңда таныстырылды

АСТАНА. KAZINFORM — Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қорының ауқымды Halyk Орманы жобасы Антальяда өткен COP31 халықаралық климат конференциясында таныстырылды. Бес жылға арналған бағдарлама аясында Қазақстанда 9 млн көшет отырғызу және 2 мың гектардан астам аумақта орманды қалпына келтіру жоспарланған.

От Казахстана к мировой климатической повестке: Halyk Орманы представили на COP31
Фото: ҚР Үкіметі

Жоба БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы тараптарының 31-конференциясында Қазақстанның ұлттық павильонының экологиялық бастамалары қатарына енді.

COP31 климаттық сын-қатерлер мен тұрақты даму саласындағы шешімдерді талқылау үшін мемлекеттер мен үкімет басшыларын, халықаралық ұйымдардың, қаржы институттарының, ғылым және бизнес өкілдерін біріктіреді. Биыл конференцияға 70-тен астам мемлекеттің өкілдері қатысып жатыр.

Аумағы 250 шаршы метрді құрайтын Қазақстанның ұлттық павильоны табиғатты қорғау бастамаларын, жаңа технологиялар мен инвестициялық жобаларды таныстыру алаңына айналды. Оның бағдарламасына 38 тақырыптық іс-шара енгізілген. Halyk Орманы жобасының халықаралық іс-шараға қатысуы Қазақстанның орманды қалпына келтіру бағытындағы тәжірибесін халықаралық деңгейде талқылауға, ұсынылған өзге де бастамалармен қатар таныстыруға мүмкіндік береді.

Қазақстанда 9 млн түп ағаш отырғызылады

Halyk қайырымдылық қоры Қамқоршылық кеңесінің мүшесі, Halyk Bank басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова COP31 аясында Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектеновке Halyk Орманы жобасы туралы айтып берді.

Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры бұл бағдарламаны Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп жүзеге асырып жатыр. Оның географиясы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватын, Іле-Алатауы ұлттық паркі мен Астана қаласының жасыл белдеуін қамтиды.

Жоба бес жылға жоспарланған. Ол ағаш отырғызуды ғана емес, сонымен бірге аумақтарды дайындауды, отырғызылатын материалдарды өсіруді, жасыл желектерді күтуді және олардың жерсінуін бақылауды көздейді. Мұндай тәсіл жұмыстарды бірнеше маусымға алдын ала жоспарлауға, сондай-ақ отырғызылған көшеттердің санына ғана емес, олардың әрі қарай өсуіне қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Үміт Шаяхметова кешенді тәсіл бағдарламаның басты ерекшелігі екенін атап өтті.

— Halyk Орманы жобасының ерекшелігі орманды қалпына келтіруге кешенді тәсіл қолдануында екенін атап өту аса маңызды. Бағдарлама орманды қалпына келтірудің барлық кезеңін қамтиды. Сапалы отырғызу материалын өсіру мен аумақтарды дайындаудан бастап, ағаш отырғызу, жасыл желектерді күту және олардың жерсінуін бақылауға дейінгі жұмыстар жүзеге асырылады, — деді Үміт Шаяхметова.

От Казахстана к мировой климатической повестке: Halyk Орманы представили на COP31
Фото: ҚР Үкіметі

Екі жылда 3 миллионнан астам көшет отырғызылды

Бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі — Абай облысындағы орман тәлімбақтарының инфрақұрылымын дамыту. Суару жүйелерін жаңғырту, жабдықтарды жаңарту және өндірістік қуаттарды кеңейту орман алқаптарын қалпына келтіруге қажетті көшеттерді көбірек өсіруге мүмкіндік береді.

2025-2026 жылдары Halyk Орманы жобасы аясында «Семей орманы» аумағында, Іле-Алатауы ұлттық паркінде және Астананың жасыл белдеуінде 3 миллионнан астам көшет отырғызылды. Ағаш отырғызу жұмыстарына 2 мыңнан астам ерікті қатысты.

Отырғызылатын материалдарын алдын ала дайындау және ағаштарды кейіннен күтіп-баптау орманды ұзақ мерзімді қалпына келтіру жүйесін қалыптастыруға көмектеседі. Жоба табиғи аумақтардағы практикалық жұмыстарды көшет отырғызуды жалғастыруға қажетті инфрақұрылымды дамытумен ұштастырады. Орманды қалпына келтіру уақытты қажет ететіндіктен, ағаш отырғызумен қатар жас екпелердің кейінгі жай-күйіне де ерекше назар аударылады.

Қазақстан бастамасы халықаралық алаңда таныстырылды

Halyk Орманы жобасының COP31 конференциясында таныстырылуы халықаралық қоғамдастыққа Қазақстанның экологиялық бастамасының нәтижелерімен және мемлекет, қайырымдылық ұйымдары, бизнес пен қоғам арасындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерімен танысуға жол ашты.

Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры үшін климаттық конференцияға қатысу өз жұмысының нақты нәтижелерін және елдің табиғи мұрасын сақтауға бағытталған жеке бастамалардың үлесін көрсетуге мүмкіндік берді. Бағдарлама мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдерінің бірлескен жұмысы бір ғана ағаш отырғызу маусымында шешілмейтін міндеттерді орындауда маңызды екенін де көрсетеді.

Бір реттік көгалдандыру акцияларынан ерекшелігі — Halyk Орманы жобасы бес жыл бойы орман алқаптарын жүйелі түрде қалпына келтіруді көздейді. Бағдарлама көшеттерді тәлімбақтарда өсіруден бастап, оларды отырғызғаннан кейін жерсінуін бақылауға дейінгі барлық кезеңді қамтиды.

2025–2026 жылдары отырғызылған 3 миллионнан астам көшет — жобаның алғашқы нәтижелерінің бірі. Жалпы бағдарлама аясында 2 мың гектардан астам аумаққа 9 миллион көшет отырғызу жоспарланған.

Halyk Орманы — ормандарды қалпына келтіруге, экожүйелердің тұрақтылығын нығайтуға және Қазақстанның табиғи мұрасын болашақ ұрпақ үшін сақтауға бағытталған ұзақ мерзімді бастама.