А-330 ұшағы апат болған жерден оның жаңа сынықтары табылды
БРАЗИЛИА. Маусымның 19-ы. ҚазАқпарат - Атлантикада «Эр Франс» компаниясының А-330 аэробусы апат болған жерден оның жаңа сынықтары табылды.
Бұл туралы бейсенбі күні Бразилияның солтүстік-шығысындағы Ресифи қаласында болған баспасөз мәслихатында Бразилия Әскери-теңіз күштерінің ресми өкілі, фрегат капитаны Жиусемар Табоза мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ИТАР-ТАСС агенттігіне сілтеме жасап. Табылған ұшақ сынықтары мен жолаушылардың жүктері тиелген бразилиялық «Кабоклу» корветі бүгін Ресифи айлағына келеді. Олардың барлығы француз өкіметі аэробустың апатын тексеруді тапсырған Тексеру және талдау бюросының қарауына берілетін болады. Ресифи қаласындағы Сот-медициналық сараптама институтында апат орнынан табылған 49 адамның денесі зерттелуде. Соңғы табылған 50-ші адамның мәйіті жолда келе жатыр.