А.Айымбетов Арал теңізінің ғарыштан қарағандағы көрінісі туралы айтып берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Қарулы күштерінің Әуе қорғанысы күштерінде өткен кездесуден соң журналистердің сұрағына жауап бере отырып, Қазақстан ғарышкері, Халық Қаһарманы Айдын Айымбетов Халықаралық ғарыш стансасында жүргізген зерттеулері туралы айтып берді.
None
None

«Қазақстанның ғылыми бағдарламасы өте үлкен бағдарлама болды және оны толық орындап шықтық. Ғылыми бағдарламаға сәйкес, шамамен 20 эксперимент жүргізіп, Арал теңізі мен Каспий теңізінің мұнай ошақтарына мониторинг жүргіздік. Жалпы, ғарыштан қарасақ, Арал теңізі қандай үлкен теңіз болғанын байқаймыз. Бірақ дәл қазіргі жағдайын айтсам, теңіздің суы тартылып, сор топырақ құммен араласып, елді мекендер мен құнарлы жерлерге жақындап келеді. Ғарыштан Арал теңізінің қаншалықты көп тартылғаны анық көрініп тұр»,- дейді А.Айымбетов. Сондай-ақ ғарышкер Халықаралық ғарыш стансасынан жердегі мұздықтар еріп жатқанын анық көрген екен. «Ғарыш стансасында мұздықтарды суретке түсірдім. Мұздар еріп, Жерді көк түсті атмосфера қоршап келе жатқаны анық көрінеді. Жалпы, Жер планетасын қорғау керек, себебі, ғарыш қандай әдемі болса, Жер шары да сондай әдемі. Осы табиғатты, осы ғаламшарды балаларымызға аманат ету керек», - дейді А.Айымбетов. Айта кетейік, 2015 жылғы тарихи оқиғалардың бірі - тәуелсіз Қазақстанның азаматтары арасында тұңғыш рет Айдын Айымбетов «Союз ТМА-18М» зымыранымен ғарышқа ұшты. 9 күн 20 сағаттан астам уақыт бойы халықаралық ғарыш стансасында жүрген ол Қазақстанның бес ғарыш бағдарламасын, сонымен қатар 20 ғылыми зерттеуін ойдағыдай жүргізіп келді. Ғарыштан аман-есен оралған А.Айымбетовке ҚР Президенті Н.Назарбаев «Халық Қаһарманы» атағын берді.

Соңғы жаңалықтар