«А» басқару корпусындағы бір орынға ең кемі екі үміткер таласады - Ә. Бәйменов
АСТАНА. 3 сәуір. ҚазАқпарат - «А» корпусындағы орындар ең жоғары лауазымды және ең қызықты мамандықтар, сондықтан конкурста бір орынға ең кемі екі үміткер таласатын болады.
Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов мәлім етті.
«А» корпусына 550 қызмет енеді және олар сұранысы жоғары орындар болғандықтан, біздің ойымызша ондағы бір орынға кем дегенде екі үміткер таласады. Бұл біздің алдын ала болжамымыз», - деп атап өтті Ә. Бәйменов.
Оның айтуынша, ҚР Президентінің жанындағы кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссия «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне іріктеу жариялаған. Оған қатысты барлық талаптар бүгін «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған.