Ә.Бәйменов: «А» корпусына үміткер 70 адам құжат тапсырды
Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» ХДП-ның қоғамдық қабылдауында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдаған ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов айтты.
«А» корпусына 70 үміткердің құжаты тапсырылды. Қазір біздің агенттіктің қызметкерлері олардың құжаттарының заңнама талабына сәйкестігін тексеру үстінде. Өздеріңізге белгілі, заңнамаға құжаттары сәйкес үміткерлер тестілеуден өтеді. Төрт түрлі тест болады. Сол тестілеуден мүдірмей өткендері ұлттық комиссияның әңгімелесуіне жіберіледі», - деді ол.
Агенттік төрағасының атап өтуінше, осы аралықта агенттік тестілеуден өткен үміткерлердің барлығының құжаттарын мемлекеттік қызметке түсуге кедергісі бар ма, жоқ па екендігін анықтау үшін құқық қорғау органдарын жібереді. Яғни үміткер ұлттық комиссиямен әңгімелесуге бармастан бұрын жан-жақты тексеруден өтеді.
«Біздің ойымызша, әрине, осы «А» лауазымын қазір иеленіп отырған адамдардың біразы жаңартылатын болады. Бірақ нақты пәленше пайыз жаңғырту керек, не болмаса пәленше пайызын қалдыру керек деп алдын ала ешкім айта алмайды. Себебі ол үміткерлердің дайындығына әрі өздерін ұлттық комиссия алдында көрсетулеріне және комиссия мүшелерінің пікіріне байланысты», - деді Ә.Бәйменов.