Ә. Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойы мемлекеттік деңгейде лайықты аталып өтілуі керек - М. Бақтиярұлы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алаш қайраткері Ә. Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойы мемлекеттік деңгейде, халықарлық дәрежеде лайықты аталып өтілуі керек. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Мұрат Бақтиярұлы осы мәселені көтерді.

Ә. Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойы мемлекеттік деңгейде лайықты аталып өтілуі керек - М. Бақтиярұлы

«Биыл қиын-қыстау кезеңде ұлт мүддесін қорғап, ел тәуелсіздігі жолында саяси құрбанға айналған Алашорда басшысы, халқының аяулы ұлы Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл толып отыр. Былтыр ЮНЕСКО Бас конференциясының 38 сессиясында мемлекет және қоғам қайраткері Ә. Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойына арналған мерекелік шараларға қатысу туралы ұсыныс бекітілді. Қазақ халқының аяулы ұлы Ә. Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО аясында, халықаралық деңгейде өтетіндігі бұл оның әлемдік тұлға ретінде мойындалғанын білдіреді», - деді сенатор.

Ә. Бөкейханов Алаш партиясын құрушы, ұлттық Алашорда автономиялық республикасын ұйымдастырған қайраткер, ғұлама ғалым, тарихшы, этнограф, аудармашы, әдебиеттанушы, дарынды прублицист. Алаштың даңқты перзенті Ә. Бөкейханов қазақ көсемсөзінің бастауында тұрып, ұлттық баспасөздің қалыптасуына да зор үлес қосты.

«Ә. Бөкейханов «Алаш» сөзін алғаш рет саяси айналымға алып шығып, Алаш партиясы мен үкіметін тарих сахнасына көтерген қайраткер. Ол жетекшісі болған Алаш партиясы бүкіл Ресейдің саяси кеңістігінде белсенді қызмет атқарып, 50-ден астам партияның ішінде 8-інші орында тұрған беделді ұлттық ұйымға айналған еді. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын кеңінен атап өткелі тұрған биылғы жылы Алаш қайраткерінің де 150 жылдық мерейтойын мемлекеттік деңгейде де аталып өтілсе игі», - деді М. Бақтиярұлы.

Бұл ретте сенатор Алаш көшбасшысының мерейтойын тиісті мемлекеттік дәрежеде, халықаралық деңгейде атап өту үшін арнайы комиссия құру қажеттігін алға тартады. Бұдан бөлек, депутат Қазақстандағы жоғары оқу орындарының біріне Ә. Бөкейхановтың есімін беруді, Астана қаласының сол жағалауындағы үлкен даңғылдардың біріне ұлт көсемінің атын беруді және онда қайраткердің ескерткішін орнатуды ұсынады.

«Бұдан бөлек, Ә. Бөкейхановтың туған жеріне мемориалдық кешен орнатылса игі. Сонымен қатар, Мәскеудегі Данской қорымында жатқан Әлиханның топырағын Астанадағы ұлттық қабірстанға қайта жерлеу шараларын ұйымдастырған да орынды. Қарағанды қаласындағы орталық даңғылдардың біріне де қайраткер есімін беруді ойластыру қажет. Ә. Бөкейхановтың көптомдық шығармалары мен оның өмірі мен қоғамдық қызметіне қатысты архивтердегі тарихи құжаттар жинағын шығару да ләзім. Алаш көшбасшысының игі істерін ұрпақтың жадында мәңгілік қалдыру мақсатында оның өмірі мен шығармашылығына, қайраткерлік қызметіне қатысты фильм түсірілсе», - деді М. Бақтиярұлы.