А. Есімов Алатау ауданы тұрғындары үшін салынып жатқан үйлердің құрылыстарымен танысты
АЛМАТЫ. 15 сәуір. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Кеше Алматыда қала әкімі Ахметжан Есімов қызыл жиек айналасында тұратын Алатау ауданы тұрғындары үшін салынып жатқан үйлер құрылыстарының барысымен танысты.
«Қарасу» мөлтек ауданында қазіргі кезде Алатау ауданы тұрғындары үшін 1200 пәтерлі 309 үй салынуда. Мұнда кезінде қызыл жиектерге үй салған Алатау ауданының тұрғындары қоныстанатын болады. Өйткені, олардың басып алған жерлерінде электр, газ, су желілері, тарихи қорғандар бар, жалпы ҚР-ының заңына сәйкес мұндай жерлерде ешқандай тұрғын үйлер салынбауы тиіс. Осы жерлердегі тұрғындарды қауіпсіз аймаққа көшіру туралы әкімдік өткен жылы қаулы қабылдаған болатын.
Үйлер қазіргі заман талабына сай, суыққа төзімді, өрттен қауіпсіз материалдармен салынуда. Болашақта бұл мөлтек ауданда мектеп, емхана сауда орталықтары бой көтеретін болады.
Бүгінде Алатау ауданында 4523 үйдің заңсыз салынғаны анықталды, 1392 үй тіпті заңдастыруға жатпайды. Өйткені, бұл жерлерде тұру адам өміріне қауіпті.
Қызыл жиекте тұрып жатқан 1392 отбасы құрылыс аяқталысымен жаңа қонысқа көшіріледі. Бұл үйлердің 1 шаршы метрінің құны - 270 АҚШ долларын, ал инженерлік желілерді қоса есптегенде 330 АҚШ долларын құрайды.
2011 жылы 359 пәтерлі тағы да 95 үй салу көзделуде, қалған 841 пәтерлі 214 үй 2012 жылы салынады. Жалпы, мұнда 1200 үй салынбақ.