А. Есімов Алматыдағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады
АЛМАТЫ. 23 мамыр. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов сенбі күні бірқатар әлеуметтік нысандарда жұмыс сапарымен болды, ол жаңа муниципалды автобус паркінің жұмысымен танысып, № 11 ясли-балабақшаны, «Магнум», «Метро», «Манго» сауда орталықтарын, көгалдандыру жұмыстары жүргізілген қала саябақтарын аралап көрді.
Алматы қаласы әкімдігінің шаруашылығын жүргізуге құқылы «АлматыЭлектроТранс» (Коммуналды автобус паркі) өз жұмысын өткен жылдың сәуір айында бастаған болатын, қазір бірқатар тәжірибе жинақтап алды. Экологиялық отын -газбен жүретін жаңадан алынған 200 автобус қала тұрғындарына қызмет көрсетуде. Қазір олардың 170-і қаладағы 8 бағытта жүруде. Кейін келген автобустар диагностикадан өтіп, келесі аптада жолға шықпақ. Автопарк күніне 1 млн. жолаушыны тасымалдайды. Әр автобуста валидатор бар. Күндік орташа табыс көлемі 31 мыңнан 42 мың теңгені құрайды. Ал жеке автопарктердің күндік табысы - 20 мың теңгені құрайды екен. Қалалық автопарк штатында 400 жүргізуші бар. Жүргізушілердің айлық жалақысы 120-160 мың теңге аралығында. Автопаркте автобустар көлігінің жұмыс істеуін бақылап отыратын 16 бейнекамера мен медпункт бар. Сонымен қатар, әр автобустың бағытын, қозғалысын көрсетіп отыратын жабдықтар да жұмыс істейді. Диспетчер электронды ақпарат арқылы рейс туралы толық мағлұмат алып отырады. Қажет болған жағдайда жүргізушіні ауыстыратын екінші жүргізуші де дайын. Өндіріс корпусы қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілген, мұнда Германиядан әкелінген автожуу құрылғысы жұмыс істейді.
Қала әкімі муниципалды автопарктің міндеті барынша сапалы қызмет көрсету екендігін атап өтті. " Өз бағыттары бойынша жұмысқа шыққан автобустардың бәрінде міндетті түрде валидатор болуы шарт және сервис барынша жоғары болуы тиіс",-деп атап өтті автопарктің жұмысымен танысқан қала басшысы.
Қала басшысы сонымен қатар, Алмалы ауданындағы № 11 балабақшада болды. Аталмыш мекеме 1964 жылы салынған болатын. Мұнда 1989 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде, инженерлік желілер, технологиялық қондырғылар толық жаңартылған. Мұнда тұңғыш рет энергия жинағыш технология мен автоматтандырылған жылу пункті жұмыс істеуде, соның арқасында жылу энергиясының 15 пайызы үнемделуде. Бала- бақшаның азық-түлік блогында әлемнің алдыңғы қатарлы өндірушілерінің жабдықтары қойылған. Балабақша сонымен қатар, өте сапалы жиһаздармен жабдықталған.
Өзінің жұмыс сапары барысында қала әкімі сондай-ақ, мегаполисте соңғы үш ай ішінде ашылған «Магнум», «Метро», «Манго» сауда орталықтары маңында көгалдандыру жұмыстары жүргізілген қала саябақтарында, сондай-ақ, «Көктем-1» ықшам ауданында, Мүсірепов пен Бұқар жырау көшелерінің бойында ашылған жаңа саябақтарда болды.
Ахметжан Есімов әкімдіктің қаладағы барлық сауда жүйелерін өркениеттік деңгейге жеткізу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтындығын айтты, бұл орайда қаладағы 34 базар қайта жасақталатын болады.
Бүгінде қаланы абаттандыру мен көріктендіру бағытында бірқатар оң шаралар жүзеге асуда. Қазір қаланың басқа аумақтарында абаттандыру мен көгалдандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалу үстінде. Ахметжан Есімов қалада жүргізіліп жатқан жұмыстардың басты бағыттарының бірі көгалдандыру екендігін атап өтті. Соңғы екі жыл ішінде бұл орайда көлемді жұмыстар жүзеге асуда. Қалада ескі ағаштар жаңалармен алмастырылып, жас ағаштар бой көтере бастады. 2011 жылы Алматыда жергілікті бюджет пен қайталап ағаш отырғызу есебінен 27 мың түп ағаш отырғызылды, оның 2716-ы жай жапырақты, 1365 -ы қылқан жапырақты, 16 410 бұталар. Қайталап ағаш отырғызу есебінен биыл 7 мың түптен астам ағаш отырғызылмақ.