А.Голубев Кәсіби теннисшілер қауымдастығының «Жыл серпіні» сыйлығының лауреаты атанды
АСТАНА. 22 қараша. ҚазАқпарат - Жыл қорытындысы бойынша Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (КТҚ) тапсыратын сыйлықтардың лауреаттары белгілі болды. Ағымдағы жылы тамызда Гамбургте өткен КТҚ турнирінің жеңімпазы атанған қазақстандық Андрей Голубев «Жыл серпіні» наградасымен марапатталды,
деп хабарлады ҚР Теннис федерациясының баспасөз қызметінен.
Сол байрақты бәсеке барысында қазақстандық спортшы бірде-бір ойында жеңілістің ащы дәмін татқан жоқ. Тіпті ол әлемнің 6-шы ракеткасы атанған Николай Давыденконы, ал ақтық сында әлемнің 15-ші ракеткасы Юрген Мельцерді ұтқан болатын.
Қазан айында да жемісті өнер көрсеткен ол Куала-Лумпур турнирінің финалына жолдама алып, алайда ресейлік Михаил Южныйға есе жіберді.
Сонымен қатар А.Голубев Қазақстан құрамасының сапында Дэвис кубогының әлемдік тобына жолдама алды. Айта кетейік, еліміз аталған Кубок аясында 2011 жылы Чехия құрамасымен ойнайды.
Қазіргі уақытта қазақстандық спортшы АТР рейтингісінде 36 орынға жайғасты.
ATP World Tour Awards жеңімпаздарының тізімі:
«Жылдың үздік теннисшісі» - Рафаэль Надаль (Испания).
«Жылдың үздік жұбы» - Боб Брайан / Майк Брайан (АҚШ).
«Жыл серпіні» - Андрей Голубев (Қазақстан).
«Жылдың жас теннисшісі» - Тобиас Камке (Германия).
«Жылдың қайта оралған теннисшісі» - Робин Хаасе (Голландия).
«Артур Эш атындағы адамгершілігі үшін жүлде» - Рохан Бопанна (Үндістан) / Айсам Уль-Хак Куреши (Пәкістан).
«Жанкүйерлердің сүйіктісі» (жеке разряд) - Роджер Федерер (Швейцария).
«Жанкүйерлердің сүйіктісі» (жұптық разряд) - Боб Брайан / Майк Брайан (АҚШ).