Ә.Исекешев Астана-Теміртау автожолын жаңғыртудың барысын тексерді

Астана-Теміртау автожолының ұзындығы - 171 шақырым. Жоба бойынша ол 1 санаттағы 4 жолақты қозғалысы болатын бетонды жолға ауыстырылады.
Автожолда құрылыс жұмыстары 2013 жылы ұзындығы 22 шақырымдық 2 учаскеде басталған болатын. Қазіргі уақытта жалпы ұзындығы 109 шақырымдық 5 учаскеде жұмыстар жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын 5 мердігер мекеме іс атқаруда, жол-құрылыс техникасының 640 бірлігі, 5 бетон төсеу кешені мен 5 зауыт жұмылдырылған. 1 мыңнан астам адам жұмысқа тартылған.
Қазіргі таңда мердігер мекемелер барлық учаскелерде жер қазу жұмыстарын жүргізіп, жасанды құрылыстар салынуда, коммуникацияларды қайта салу мен «жол киімінің» құрылысы жұмыстары жасалып жатыр.
Ағымдағы жылдың қыркүйегінде тағы екі учаскеде мердігерлер анықталып, автожол түгелдей құрылыс жұмыстарымен қамтылатын болады.
Жылдың аяғына қарай алғашқы 12 шақырым жол пайдалануға беріледі деп күтілуде. Жобаны аяқтау толығымен 2016 жылға жоспарланған.
Кеңес қорытындылары бойынша Әсет Исекешев жұмыс қарқынын ұлғайтуды, сапа бақылауын қатаңдатуды және бүкіл учаске бойынша қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етуді тапсырды.