Ә.Исекешев: Барлық жол Астанаға апарады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты жаңа экономикалық стратегия көлік-логистикалық инфрақұрылымы мен транзиттік әлеуетті жетілдіретін бағдарлама шеңберінде алға қойылған міндеттер қалай орындалып жатқаны жөнінде Қазақстан Республикасы Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешев «Айқын» газетіне сұхбат берді.

Ә.Исекешев: Барлық жол Астанаға апарады

- Әсет Өрентайұлы, аталған мем­лекеттік бағдарлама шеңберінде қаншама жаңа құрылыс қолға алынды, авто, теміржол жобалары жүзеге асырылып жатыр. Мұның бәрі біздің еліміздің транзиттік дәрежесін арт­тыратыны сөзсіз. Екі жылдың ішінде атқарылған істер аз емес, алайда осының бәрін рет-ретімен айтып берсеңіз. Автожол магистралдарының құрылысынан бастасақ. Қанша жоба бар? Олардың жайы қалай? 

-Мемлекет Басшысы күн сәулесі сияқты тармақталған - ел ішіндегі өңірлерді орталықпен байланыс­тыратын, одан әрі сыртқы нарыққа жол ашатын инфрақұрылымды дамытуға, жол құрылысына айрықша көңіл бөліп келеді.
Шын мәнінде, жолдарды салу, жаңа теңіз, теміржол және авиа маршруттардың ашылуы, логис­тикалық орталықтардың құрылуы біздің экономикамызды дамыту үшін, біздің бизнесмендеріміздің экспортқа шығуы үшін өте қажет. Үлкен жолдардың бойында сауда-саттық өрістейді, жол бойындағы ауылдардың тіршілігі жанданады.
Осы ретте біз барлық жол Астанаға баратын, ал Қазақстан транспорттық хаб болатын тармақты жасамақпыз. 
Былтыр еліміздегі 11 ірі жоба­ның 8-інің құрылысын бастадық. Бұл - «Батыс Еуропа - Батыс Қытай», «Орталық - Оңтүстік», «Орталық -Шығыс», «Бейнеу - Ақтау», «Алматы - Өскемен», «Астана - Петропавл», «Ақтөбе - Атырау» және «Орал - Каменка». Биыл 1700 километр жол салу қамтылады. Оның ішінде 900 километрі жыл аяғына дейін қайта қалпына келтіріледі.

- Сөз басында жолдар күн сәулесі қағидатымен өңірлердің бәрін Астанаға жалғайды деп қалдыңыз. Осы авто­жолдардың жайы туралы егжей-тегжейлі айта кетсеңіз.

- Астана мен Алматы арасын жалғайтын жол құрылысы «Орталық - Оңтүстік» деп аталады. Бүгінгі таңда Астана-Теміртау және Алматы-Қапшағай бағытында жол салынып жатыр. Мұны биыл бітіруді жоспар­лап отырмыз. Ал осы жобадағы ең ұзын жол - 888 километр, бұл Қара­ғанды-Балқаш-Бурылбайтал-Күрті арасындағы жолды салу халықаралық банктердің қаржысын тарту есебінен келесі жылы басталады. Астана-Алматы жобасын, яғни 4 жолақты жол құрылысын толық аяқтауды 2021 жылға межелеп отырмыз.
«Орталық - Шығыс» жобасына келетін болсақ, бұл жердегі әңгіме Астана - Өскемен бағытындағы жол құрылысы туралы. Қазір Астана-Павлодар-Семей-Қалбатау учаске­лерінде салынып жатыр. 218 ки­лометр жол пайдалануға берілді.
Биыл Астана-Павлодар арасын­дағы 200 километр жолды ашуды және Ертіс өзеніндегі көпір өткелінің құрылысын бітіруді жоспарлап отырмыз. Қалбатау - Өскемен учас­кесі Эксимбанк қаражаты есебінен салынатын болады. Оның құрылы­сын келер жылы бастаймыз. «Орталық -Шығыс» жобасы толы­ғымен 2020 жылы бітетін болады.
Үшінші үлкен жоба - «Орталық - Батыс» - /Астана-Ақтөбе-Атырау-Ақтау/. Қазір Бейнеу-Ақтау учас­кесіндегі 470 километр жол салы­нуда. Оның 252 километрінде жол ашыл­ған. Биыл 100 километрі бітеді.
Сондай-ақ, Ақтөбе мен Атырау арасындағы жол құрылысы да жүріп жатыр, ол келесі жылы аяқталады. Қалған жолдарды сыртқы займ­дар арқылы салуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі күнде халықаралық банктер­мен бұл турасында келіссөздер жүргі­зілуде. «Орталық-Батыс» жобасы толығымен 2020 жылы аяқталатын болады.

- Астанадан Солтүстік Қазақ­станға қарай бағытталатын жолды айтпадыңыз...

- Иә, қазір Астана - Петропавл автожолының құрылысы жүріп жатыр. Ұзақтығы 531 километр бола­тын бұл жолдың Көкшетау - Пет­ропавл учаскесіндегі жұмыстар жүр­гізілуде. Биыл сәтін салса, Астанадан Петропавлға дейінгі жол қозғалысын ашамыз. Петропавлдан Ресей шекарасына дейінгі учаскені қаржы бөлінген жағдайда келесі жылы бастап, 2020 жылы бітіруді межелеп отырмыз.
Ресей тарапына қарай тағы бір жол Батыс Қазақстан облысында салынып жатыр. Бұл - «Орал-Ка­менка» жолы, ол Саратовқа шығады. Мұны 2018 жылы пайдалануға беретін боламыз.

- «Нұрлы жол» бағдарламасы басталғанда Қарағанды облысының тұрғындары «Қарағанды мен Жез­қазған арасында жол салынатын болар» деп бір үміттеніп, желпініп қалған еді. Бұл бағытта жол салу жоспарда бар ма өзі?

- «Қызылорда-Жезқазған-Қара­ғанды» бағытындағы 925 шақы­рымдық жол «Нұрлы жол» бағдар­ламасындағы өзекті жобалардың бірі. Бұл жолды сыртқы займ есебінен салатын боламыз. Қазіргі таңда халықаралық қаржы институт­тарымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Егер бәрі сәтімен болса, келесі жылы қажетті құжаттарды әзірлеп, қол қойып, сосын жол салуға кірсеміз.
Сыртқы займ есебінен салынатын тағы екі жоба туралы айта кеткім келеді. Бұл - Мерке-Бурылбайтал / 273 км/ және Бейнеу-Ақжігіт /84 км./ автожолдары. Оның құрылысын келесі жылы бастаймыз, сөйтіп кезең-кезеңімен пайдалануға беретін боламыз. Толық аяқтауды 2020 жылға белгіледік.

- Әсет Өрентайұлы, Сіз жақында еліміздің оңтүстігінде болып, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автома­гистралінің құрылысын тексеріп қайттыңыз. Жолдың сапасы қалай екен? Межелеген мерзімде біте ме? Қандай олқылық бар?

-«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автодәлізін біз биыл толық пай­далануға беруді жоспарлап отырмыз. Екі мың километрден астам жол салынды, қазір Шымкенттен Ресей шекарасына - Орынборға шығатын, сондай-ақ Тараз-Алматы бағыты бойынша жол қозғалысы ашылды.
Қазір Алматы- Қорғас, Шымкент-Ташкент және Шымкент пен Жам­был облысының шекарасындағы жол құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ былтырдан бері Қордай асуын айналып өтетін жол құрылысының 2-ші кезеңі басталғанын айту керек.
Алматы-Бішкек автожолындағы көлік қозғалысы 2 есе өскенін және жол апаттарының көбейгенін ескере отырып, Ұзынағаш-Отар учаске­сіндегі 96 километр жолды ІІ тех­никалық категориядан 4 жолақты бірінші категорияға ауыстыру жоспарланып отыр.
Реконструкция 2017 жылдан басталады, 2019 жылы аяқтаймыз. Сонда Қорғастан - Қызылордаға дейінгі жолдың бәрі 1-ші категория­лы болады. Бұл өз кезегінде жол апаттары мен өлім-жітімді айтар­лықтай азайтады.
Жол құрылысының мерзімінде аздаған ауытқушылық болғаны рас. Негізі себеп - климаттық жағ­дай­ларға тіреледі /жауын-шашын­ның шамадан тыс көп болуы/ және жол бойындағы жер учаскелерін сатып алу ісінің созбақталып кетуіне байланысты болды. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысында тап осы мәселелер жол құрылысының кешеуілдеуіне себеп болды. Бірақ жергілікті әкімшілік барлық мәселені шешті, қазір жол құрылысы қызу жүріп жатыр.
Жамбыл облысымен шектес жерде қазір автомобиль туннелі салынуда. Алдында бұрынғы жолды пайдалана береміз бе деген ой болған, алайда ол тура асуға барып тірелетін-ді, соның салдарынан қыста бұл ма­ңай­ды қалың қар басып қалатын. Адамдар мен көліктер қар астында қа­лып, жұрт осыдан әбден зардап шегіп келді. Тіпті азық-түлікті тік­ұшақ арқылы жеткізген кездер де бол­ды. Сол себептен де бұл тұстан ұзын­дығы бір километр болатын тун­нель қазуды ұйғардық. Жыл соңына дейін ол да пайдалануға берілетін болады.
Ал сапа мәселесіне келетін бол­сақ, бұл - ең өзекті және өткір мә­селе. Республикалық жол тармақтары нысандарында 5 деңгейлі бақылау жүйесі енгізілген: мердігердің сапа қызметі; техникалық қадағалау; авторлық қадағалау; облыстық жол лабораторийлері; тапсырыс берушінің сапа қызметі. Сонымен бірге, жол сапасын әкімдіктер мен «Қазавтожол» ұлттық компаниясы және министрлік өз бақылауына алғанын айтсақ та болады. Стан­дарттарға сай келмейтін учаскелерді қайта жасауға мәжбүрлейміз.

- Сонда қалай? Жол салушылар­дың өз есебінен бе?

- Әрине! Мердігерлік келісім-шарттарда құрылыс біткеннен кейінгі 5 жылдық мерзімге кепілдік кезеңі көрсетілген, оның үстіне банктік кепілдік енгізілген. Егер осы уақыт аралығында жол сапасында ақау орын алса, мердігер компания оны тек өз есебі мен өз күштерімен қалпына келтіруі тиіс.
Бұдан өзге, сапаға бақылауды арттыру мақсатында еліміздің бар­лық өңірінде жол лаборато­рия­лары жұмыс істейді. Олар республикалық және жергілікті жол тармақтарын қамтиды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Астана және Алматы қалаларында қосымша екі лабораторий құрылып жатыр.
Қазақстанның климаттық жағ­дайына сәйкес келетін жаңа цементбетон мен қиыршықтасты асфальтбетон жабындылары жол құры­­лы­­сында кеңінен пайдала­нылуда. Автожолдардың сапасын жақсарту мен сақталуын арттыру үшін түрлі полимерлі модифи­катор­лар, топырақ стабилизаторлары пай­да­ланылып келеді. Асфальт­бетонға арналған озық технологиялар мен қор­ғаныш қабаттары да қол­данылуда.
Осы ретте біздің министрлік үш категория бойынша дәрежеленген жол бойындағы сервис нысан­дарының стандарттарын бекіткенін атап өткім келеді. Стандартқа сәйкес жолдың әр 50 километрінде 3-ші категориялы нысандар болуға тиісті - бұл жанармай құю бекеті, тамақ­тану пункті, автотұрақтар мен СТО. Ал әрбір 200 километрде екінші категориялы нысандар - кемпингтер, ал туристік немесе тарихи орындарда келушілердің бірнеше күн тұрақтауы үшін жағдай жасайтын бірінші категориялы нысандар болуға тиісті.

- Автожол құрылысын салғанда отандық өндіріс материалдарын қолдану керектігі туралы талай рет айтылған болатын. Жергілікті мате­риалдар халықаралық стандарт­тарға сай келе ме? Осы жағы қалай?

- Иә, отандық өндіріс мате­риалдары халықаралық стандарттарға сай келеді. Бүгінгі күні жол-құрылыс материалдарының 90 пайызы - отандық өндіріс. Барлық 4 битум және 10 цемент зауыты іске қосылған. Олардың өндірістік қуаты арқасында битум мен цементке деген қажеттілік толық қамтамасыз етілді. Сонымен бірге, барлық жол құрылысында 9 мың данаға жуық жол-құрылыс техникасы жұмылдырылды.
«Нұрлы жол» бағдарламасындағы құрылыс жобаларының шарықтау кезеңі 2017-2019 жылға тап келеді. Бұл кезеңде жол құрылысы жұмыс­тарына цемент, битум, инертті мате­риалдар, темірбетон бұйымдарын өндіретін барлық отандық өнді­рісшілер тартылатын болады.

- Бұл кезеңде жұмысқа қанша адам тартылатынын айтпайсыз ба?

- Шамамен алғанда 170-200 мың адам. Мәселен, Алматы облысында - 31 мың адам, Қарағанды облысында - 27 мың адам, Ақмола облысында - 22 мың адам, Ақтөбе облысында - 17 мың адам, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарында әрбірінде 15 мың адамнан жұмысқа жұмыл­дырылады. Қалған облыстарда - 10 мың адам мұғдарында болады / Маңғыстауда - 11 мың, Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыс­тарында 10 мың адамнан, Қызылорда, Қостанай және Атырау облыстарында 8 мың адамнан, Батыс Қазақстан облысы мен Астанада 6 мың адамнан тартылатын болады.

- Батыс бағыттағы экспорттық әлеуетімізді арттыруға Құрық пор­тынан паромдық өткізу және Бор­жақты-Ерсай теміржол желісі, «құрғақ порт» Қорғастағы термиа­нал­дық қуаттылықтың артуы ықпал ете­тіні белгілі. Бұл жобаларды пайда­лануға бергеннен кейін тағы қандай тиімді­ліктер болатынын айта аласыз ба?

- «Қорғас - Шығыс қақпа» еркін экономикалық аймағында құрғақ порттың бірінші кезеңі пайдалануға берілді. Бұл Қорғас арқылы жүретін тауар айналымының көлемін 8 есе арттыруға немес жүк тасымалын жылына 4 миллион тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Құрғақ порт - Қытаймен шекарадағы үлкен көліктік-логистикалық тораптың - «Қорғас -Шығыс қақпа» еркін экономикалық аймағының негізгі құрамдас бөлігі.
Бүгінгі таңда Каспий маңындағы елдердің порттарына теміржол-паромдық жүктерді тасымалдау тек қана Ақтау порты арқылы мүмкін болып отыр. Кейінгі жылдары теңіз портындағы паромдық терминал өзінің ең шекті өткізгіш қабілетінде жұмыс істеп жатыр. Осыған бай­ланысты «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде Каспий жағалауы аймағында қосымша паромдық қуат көздерін құру туралы шешім қа­былданған болатын. Бұл жобаның маңыздылығы мен өзектілігі айрықша. ТРАСЕКА көліктік дәлі­зінің барлық көліктік инфрақұ­рылымының дамуында Каспий теңізіндегі паромдық инфрақұ­ры­лымға кіретін қазақстандық телімде бар. Осылайша, Құрық портында паром терминалын құрудағы басты мақсат - Қытай-Еуропа бағытындағы халықаралық көлік дәлізіндегі қазақстандық буынды күшейту.
Транзиттік жүк тасқынына қыз­мет көрсете отырып, еліміз өз кірісін ұлғайтады. Бұл салықтық тө­лем­дер­дің артуы мен бюджеттің толы­ғуына ықпал етеді. Оның үстіне қазақ­стандық экспортерлерге өз өнімдерін Каспий өңіріндегі елдер мен одан әрі Батысқа қарай тасымалдау үшін қосымша паромдық инфрақұры­лымдар ұсынылатын болады. 
Боржақты - Ерсай теміржол тармағы Құрық портында салынып жатқан паромдық кешенді теміржол магистралімен жалғайды. Теміржол желісі жағалауда салынып жатқан кемежасау және кемежөндеу зауыт­тарына, сондай-ақ металл­конструк­цияларын шығаратын зауытқа көліктік қызмет көрсетуге бағыт­талған. 

- Теміржол тақырыбы қозғалып қалды ғой. Әсет Өрентайұлы, темір­жол учаскелерінің өткізгіштік қабілетін арттыру туралы талайдан бері айтылып келе жатқан мәселелер қалай ше­шіледі? 

- Бұл - біздің алдымызда тұрған міндеттердің бірі. Және ол шешіліп те жатыр. Қалай дейсіз бе? Мысал келтіре кетейін. Алматы-Шу учас­кесін алайық. Жобаның маңызы мен өзектілігін түсіну үшін тоқтала кеткен жөн шығар. Бұл учаске үш жақтан екіжолдық тармақпен - Алматы стансасынан шығыс бағытқа қарай екіжолдық теміржол жұмыс істеп тұр; Шу стансасынан солтүстік және батыс бағытқа қарай да екі­жолдық теміржол инфрақұрылымы бар. Сонда Шу мен Алматы стан­салары арасындағы біржолдық учаске ең төмен өткізгіш болып, былайша айтқанда, оңтүстік өңірдегі барлық теміржол желісіне «кептеліс» туғызып отыр. Өз кезегінде Шу-Алматы учаскесі өте маңызды! Ол Қытай бағытында - Азия елдеріне қарай транзиттік жүктерді тасы­малдау үшін және Алматы өңірінен Қазақстанның бүткіл тарабына барлық ішкі тасымалдарды жасауға пайдаланылып отырған жайы бар. Яғни, жаңа жоба өткізгіштік қабі­летін көтеру және жеткізу мерзімін қысқарту, сондай-ақ көліктік шығындарды төмендету есебінен Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік жасайды. Ал бұл айналып келгенде, қазақстандық сатушыға да, тұтынушыға да өте тиімді.
Осы орайда, бүгiнгідей эконо­микалық қиын кезеңде «Нұрлы жол» бағдарламасы еліміздің ин­дустриа­ландыру бағдарлама­сымен қоса алғанда тұрақтандыру­шы рөл атқа­ратынын тағы да айта кеткім келеді.
Бұл бағдарламаның мән-ма­ғынасы одан да тереңде жатыр: Қазақ Елінде бұрын болмаған жаңа­тұрпатты көліктік инфра­құрылым жасалып жатыр. Біз сол арқылы Ұлы Жібек Жолының бір бөлігін қайта жаң­ғыртып жатырмыз. Ал бұл Алла жазса, ғасырдан - ғасырларға жал­ғасатын жоба бола бермек.
- Әңгімеңізге рақмет!


Сұхбаттасқан Н.НАРЖАН

«Айқын» газеті, 2016 жылдың 15 маусымы