Ә.Исекешев геологтарды кәсіби мерекелерімен құттықтады (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешев геологтарды кәсіби мерекелерімен құттықтады.
«Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз - Геолог күнімен құттықтауға рұқсат етіңіздер! Геолог - батылдардың мамандығы, романтикалық кәсіп. Қазір оның жұмысы одан да қызықты және одан да күрделене түсті. Себебі бұрын геолог десе балға мен рюкзаг бірінші көзге елестейтін, қазір бұл жұмыс едәуір замануи қалыпқа түсті», - деп атап өтті министр ҚР ИДМ-да өткен салтанатты жиында.
Ә.Исекешев қазақстандық геологтар өздерінің жоғары білігі мен тәжірибесінің арқасында Қазақстан экономикасының дамуына ғана емес, саланың жаңаша деңгейге көтерілуіне де үлкен еңбек сіңіргендіктерін атап өтті.
«Қазіргі геологтарда заманауи компьютерлік және ғарыштық технологиялар, жаңа жабдықтар мен техника бар. Біз жыл сайын заңнаманы және технологияларды жетілдіруге көп мән беріп келеміз. Көп іс атқарылды, бірақ биыл одан көп жұмыс күтіп тұр. Бүгін баршамыз үшін мереке, сондықтан Кеңес заманында тер төккен ардагерлерді, бүгін осы салада еңбек етіп келе жатқан геологтарды құттықтап қойғым келеді», - деді министр.