Ә. Исекешев Индустрияландыру бағдарламасы аясында жұмыс істейтін кәсіпорындарды қорғауға алуды ұсынды

«Шағын және орта бизнес дамуы үшін біз өзіміздің іскерлік климатымызды барынша шапшаң, барынша икемді етуіміз керек. Мемлекет басшысы айқындап бергеніндей, мұндағы басты міндет - кәсіпкерлік қызметке декриминизациялау жүргізу қажет. Сондықтан, шұғыл түрде Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жұмыс істейтін, экспортқа бағдарланған, өнімділігі жоғары, инновациялық барлық кәсіпорындарды барынша қорғауға алуды ұсынамыз», деді Ә. Исекешев. Оның айтуынша, «себебі, дәл осындай кәсіпорындар экономиканың қозғаушы күші болып табылады. Олар қалыпты жұмыс істеуі тиіс, олардан әкімшілік қысымды барынша алып тастау қажет».
Айта кетейік, өз кезегінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов бұл ұсынысты қолдайтынын, оны Президенттің қарауына ұсынатынын айтты. «Мен индустрияландыру картасына енгізілген және Бизнестің жол картасы аясында жұмыс істеп жатқан кез келген кәсіпорынды тексеруге мораторий жариялау керек деген идеяны қолдаймын, ол өте дұрыс», деді К. Мәсімов. Осы орайда Премьер бұны Мемлекет басшысы Жарлығының жобасы формасындағы арнайы жоспарда қарастыру қажеттігін атап көрсетті.