Ә.Исекешев: Индустрияландырудың екінші бесжылдығында мемлекет пен бизнес арасындағы жауапкершілікті шектеу барынша нақты болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Индустрияландырудың екінші бесжылдығында мемлекет пен бизнес арасындағы жауапкершілікті шектеу барынша нақты болады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Премьер-Министрдің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев мәлім етті.
Оның атап өтуінше, Индустрияландыру картасы бойынша амалдар өзгеріске ұшырайтын болады. Бірінші бесжылдық деңгейінде Карта соңына дейін жүзеге асырылады.
«Екінші бесжылдықта мемлекет пен бизнес арасындағы жауапкершілікті барынша шектеу енгізу ұсынылады. Яғни, мемлекет республикалық картаға мемлекет тарабынан жол салу, субсидия беру сынды қандай да бір міндеттемелерді өзіне алатын жобаларды ғана қосатын болады. Мұндай инвесторлармен инвестициялық келісімшарт жасалады және мемлекет өз рөлі үшін жауапкершілік алады. Ал бизнес өз өнімінің, жобасының сапасы үшін жауапкершілік арқалайды» деген ол бұл тұрғыда Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен арада уағдаластық та бар екендігін атап өтті.
Ә.Исекешевтің сөзіне қарағанда, шаралар жоспарына қатысты Үкіметтің нақты тапсырмалары да бар. Мәселен, еліміздің машина жасау саласы көлік өндірісінің көлемін жылына 37-ден 190 мыңға дейін жеткізуі тиіс.