Ә.Исекешев индустрияландырудың екінші бесжылдығының негізгі тапсырмаларын атап берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін II Қазақстан машина жасаушыларының форумында ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығына арналған негізгі бағыттарды атап берді.

Ә.Исекешев индустрияландырудың екінші бесжылдығының негізгі тапсырмаларын атап берді

«Бұдан былай автокөлік индустриясының кәсіпорындары алдына жеңіл және коммерциялық автокөліктерді шығаруды ұлғайту және өндірісті шоғырландыру тапсырмасы қойылады. Бұл ретте бизнеспен бірлесіп еліміздегі автокөлік өндірісін дамыту стратегиясы жасалған болатын. Ол өз кезегінде Қазақстанға көліктерді толық цикльмен өндіруге жол ашады», - деп атап өтті Ә. Исекешев.

Оның айтуынша, ауылшаруашылық кешенінде өздігінен жүретін астық жинау комбайндары мен тракторларын, басқа да ауыл шаруашылық техникаларын өндіру жұмыстары ұйымдастырылған. 2013 жылы ауыл және орман шаруашылығына арналған 1 362 трактор шығарылған, бұл 2008 жылмен салыстырғанда 5,6 есе көп.

«Индустрияландырудың келесі бесжылдығында машина жасау саласында бұдан да жоғары көрсеткіштерге қол жеткіземіз деп жоспарлап отырмыз. 2015-2019 жылдар аралығында автокөлік, электр жабдықтарын, ауыл шаруашылық техникаларын, темір жол техникасын, тау-кен өндіру кешеніне және мұнай өңдеу мен мұнай өндіру өнеркәсібіне арналған құрал-жабдықтар жасау салалары бойынша дамытылатын болады», - деді министр.

Ә. Исекешевтің мәліметінше, бірінші бесжылдықта "СарыАркаАвтопром", "Азиа Авто", Hyunday Bus Truck сынды автокөлік өндіруші компаниялар Үкімет тарапынан үлкен қолдау алып, қарыштап дамыды.

«Ендігі жерде бізге көлік құрастыру зауыттарын жылына 190 мың дана өнім шығаратын қуаттылыққа жеткізіп, шетелдерге экспорттау әлеуетін күшейтетін шоғырландыру үлесін ұлғайту қажет», - деді Ә.Исекешев.

Министр мұнай-газ саласында және ауыл шаруашылығында машина жасау бойынша да негізгі бағыттарды атап өтті.

«Қашаған мен Теңіз кен орындарын дамыту барысында инвесторлар тарту және заманауи технологияларды енгізу үшін бізге ҰКП және Қазақстан машина жасаушылар одағымен бірлесіп үлкен жұмыстар атқару керек. Ал ауыл шаруашылығы саласында машина жасау бойынша CLAAS немесе John

Deer сияқты ірі компаниялардың бірін тарту көзделуде. Сондай-ақ, темір жолдық машина жасау саласында да әлемдік көшбасшылар - General Electric, Alstom, Siemens, Talgo, Трансмашхолдинг, General Motors, Bombardier және басқа да компаниялармен қарым-қатынастар орнатылған», - деді министр.