Ә. Исекешев Қазақстанда туризм саласын дамытудың үш сценарийін атады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында еліміздегі туризм саласын дамыту перспективалары жайында баяндаған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев бұл бағыттағы үш сценарий туралы айтты.
«Бүгінгі таңда әлемдік экономика дамуы оңай болып отырған жоқ, жаһандық жағдайдың одан әрі қалай өрбитіні де әзірше түсініксіз. Осының бәрі ел бюджетіне әсер етпей қоймайды. Сондықтан да, біз туризм саласының дамуына қатысты ықтимал үш сценарийді негізге алдық. Оның біріншісі - пессимистік сценарий, бұл ретте бүгінгі деңгеймен даму болжанып, мемлекеттік қолдау соншалықты қамтылмайды. Осылай болса, жеке сектор инвестициясы 2020 жылға қарай шамамен 2 миллиард доллар құрауы мүмкін, ал туризмнің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 1 пайызға жетіп, 56-60 мыңға тарта жұмыс орындары құрылады. Екінші нұсқа - мемлекеттік және жеке сектор бойынша инфрақұрылымға инвестиция қаралады. Онда біз жеке сектордан 4-4,5 млрд. доллар инвестиция күтеміз, ал туризмнің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 1,5 пайызды құрап, 150-170 мың жұмыс орны құрылмақ. Бұл - бізге мейлінше жақын, мейлінше шынайы сценарий», - деді Ә. Исекешев.
Сонымен қатар, министр оптимистік сценарийге де тоқталып өтті. Бұл реттегі болжам бойынша туризмнің жалпы ішкі өнімдегі үлесі төрт пайызға дейін жетеді. Ал жеке инвестициялар көрсеткіші алты миллиард долларды құрап, үш жүз мыңға тарта жұмыс орындары құрылуы мүмкін.
«Бұл сценарийде туризм саласында мемлекеттік қолдау барынша артады, оның ішінде қаржылық қолдау да кеңінен қамтылуы шарт», - дейді Ә. Исекешев.