Ә.Исекешев: Жыл басынан 500-ден астам инвесторға «бір терезе» ұстанымы арқылы қызмет көрсетілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл басынан 500-ден астам инвесторға «бір терезе» ұстанымы арқылы қызмет көрсетілді. Бұл туралы бүгін Астана экономикалық форумы аясындағы Инвестициялық саммитте ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев мәлім етті.

Ә.Исекешев: Жыл басынан 500-ден астам инвесторға «бір терезе» ұстанымы арқылы қызмет көрсетілді

«Жыл басынан бастап «бір терезе» ұстанымы бойынша 500-ден астам инвесторға қызмет көрсетілді. Жаңа әдістің таяу болашақта өз нәтижесін көрсететіндігін және біздің осы жерде, Қазақстанда инвестициялық серпілісті көретіндігімізге сенімдімін», - деді министр.

Оның атап өтуінше, Шетелдік инвесторлар кеңесіне Президенттің өзі төрағалық етеді. Мұнан бөлек, Премьер-Министр жанынан Инвестициялық ахуалды жақсарту кеңесі құрылған.

«Мен инвестициялық омбудсменмін. Бұл сұхбат алаңы Қазақстандағы инвестициялық қызмет барысында туындайтын проблемалық мәселелерді жедел шешуге бағытталған», - деді Ә.Исекешев.