Ә.Қараның «Түркістан легионының ақиқаты» кітабы жарық көрді
АСТАНА. 8 ақпан. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін Астанадағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығында белгігі шоқайтанушы-ғалым, профессор Әбдіуақап Қараның «Мұстафа Шоқай» және «Түркістан легионының ақиқаты: свастика мен қызыл жұлдыз арасындағы жанталас» деп аталатын екі кітабының таныстырылымы өтті.
Қаламгердің «Түркістан легионының ақиқаты: свастика мен қызыл жұлдыз арасындағы жанталас» зерттеу еңбегінде Түркістан легионерлерінің тағдыры туралы баяндалып, сол бір сұрапыл соғыстың беймәлім тұстары ашылады. Ә.Қара жазушы Шыңғыс Дағшының соғыс жылдары бастан өткерген адам сенгісіз оқиғалары арқылы свастика мен қызыл жұлдыздың қыспағында қалып, жазықсыз жапа шеккен мыңдаған легионердің тағдыр тауқыметі туралы баяндайды. Жалпы саны 5 млн. 162 мың болған адамдардың 1 млн. 981 мыңы лагерьлерде көз жұмды. Ал тұтқындарды белгіленген жерлерге жөнелту кезінде өлгендер мен жоғалып кеткендерді қоса санасақ, бұл сан 3 млн.-нан асады. Тірі қалған 800 мыңдай әскер «Тұтқындардан жасақталған легиондар» жобасына қолданылған болатын.
«Зерттеу жұмыстары барысында мен Шыңғыс Дағшымен таныстым. Ол - соғыстың ащы шындығын жазған белгілі жазушы. Мен көкейімде жүрген біраз сұрақтардың жауабын осы кісінің романдарынан таптым», - дейді Ә.Қара.