12:33, 26 Мамыр 2009 | GMT +5
Ә.Қашаубаев атындағы дәстүрлі әншілердің VІІ республикалық байқауы кезекті шымылдығын ашты
АСТАНА. Мамырдың 26-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Президенттік Мәдениет орталығында Әміре Қашаубаев атындағы дәстүрлі әншілердің VІІ республикалық байқауы басталды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Байқаудың ашылуында құттықтау сөз сөйлеген ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Арман Қырықбаев, Ә.Қашаубаев атындағы дәстүрлі әншілердің республикалық байқауы 1980 жылдан бері тұрақты өткізіліп (2-3 жылда бір рет) келе жатқанын жеткізді. «Рухани дүниеге, оның ішінде музыка мен мәдениетке бай қазақ халқының дәстүрін келер ұрпаққа ысырап етпей, аманат ету мақсатында өткізілетін мұндай байқау өз жалғасын таба береді. Қатысушылардың арасынан сонау 1925 жылы өзінің жез таңдай дауысымен Парижді, жалпы Еуропа жұртшылығын таңқалдырған Әміре атамыздың ерлігін қайталайтын азаматтар шығады деп сенемін», - деді ол. Аталмыш байқаудың мақсаты - дарынды жастардың шеберлігін арттыру, қазақтың музыкалық шығармашылығы мен мұраға қалған әндерді насихаттау, әнші Ә.Қашаубаевтың есімін ұлықтау, өскелең ұрпақты эстетикалық және адамгершілік құндылықтарға тәрбиелеу. Байқауға қатысушы 16-35 жас аралығындағы 40-қа жуық әнші үш күн бойы қазақтың дәстүрлі әндерін, қазіргі заман композиторларының туындыларын домбыра мен қыл-қобыздың сүйемелдеуінде орындайтын болады. Олардың өнерін Қазақстанның халық әртісі Қайрат Байбосынов бастаған әділқазылар алқасы бағалайды. Байқау жеңімпаздарының есімдері мамырдың 29-ы күні өтетін гала-концертте аталады.