Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайында Майса Ықыласованың жеке көрмесі өтуде

АЛМАТЫ. Тамыздың 17-сі. ҚазАқпарат /Назира Елеухан/ - Алматыдағы   Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайында   Майса Ықыласованың «Поэзия!  Менімен егіз бе едің» деп аталатын  жеке сурет көрмесі өтіп жатыр,

Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайында Майса Ықыласованың жеке көрмесі өтуде

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өз туындыларын  ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармаларымен байланыстыратын Майса Ықыласованы өнертанушылар  өзіндік қолтаңбасы бар  суретші деп бағалайды. Көрмені тамашалауға  арнайы келген ақын Дәурен Берікқажыұлының айтуынша, М. Мақатаевтың поэзиясы оның да ақындық жолға түсуіне ықпал еткен. «Жалпы Мұқағали өлеңдері кез-келген адамды бей-жай қалдырмайды.  Ол сезімге шабыт беріп, өнер әлеміне қанат қағуға өз  септігін тигізеді. Мысалы  Майса Ықыласова бейнелеу өнерінде  өз жолын тапса, мен  қабілет-қарымымды ақындық өнерде көрсетуге мүмкіндік алдым», дейді  ақын  Дәурен Қасенов. Ал Майса Ықыласова: «Мен өз суреттерімді Мұқағали өлеңдерін оқи отырып бейнелеймін. Ақын шығармаларынан алатын шабытым бейнелеу өнерінің түрлі саласында жұмыс жасауға жол ашып отыр.  Бұл  көрменің тақырыбын «Поэзия! Менімен егіз бе едің», - деп атауымның себебі осы» дегенді айтады. Тамыздың 28-іне дейін жұмыс жасайтын бұл көрмеге суретшінің  графикалық кескіндемелерімен қатар,  қыштан жасаған және батиктегі композициялары да қойылған.