Ә. Кекілбайұлы қазақ әдебиетін ғана емес, қазақ саяси ойлау жүйесінің жаңа белестерін қамтыған жазушы - Елбасы Н. Назарбаев

АСТАНА. Желтоқсанның 5-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ә. Кекілбайұлы қазақ әдебитін ғана емес, қазақ саяси ойлау жүйесінің жаңа белестерін қамтыған жазушы. Бүгін заманымыздың заңғар тұлғасы, белгілі жазушы, қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әбіш Кекілбаевтың 70-жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кешінде сөз сөйлеген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті,

Ә. Кекілбайұлы қазақ әдебиетін ғана емес, қазақ саяси ойлау жүйесінің жаңа белестерін қамтыған жазушы  - Елбасы  Н. Назарбаев

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «1991 жылғы желтоқсан айында Алматы қаласындағы Республика сарайында өткен ҚР Тұңғыш Президентінің ұлықтау салтанатындағы   Ә. Кекілбайұлының сөзі әлі есімде. Сонда жұртымыздың алдында тебірене сөз саптаған Әбекең: «Ойдағымыз болды, ортамыз толды, төбедегі келді, төрлескенге ренжитін жайымыз жоқ, тек ұзағынан сүйіндіргей! Ақ жолдың алдындамыз, үлкен ниеттің үстіндеміз», деп толғаған болатын. Қуаныштан көкіректері атой салған салтанатты қауым бұл сөзді ақ батадай қабылдады»,  деді Елбасы.

 Сондай-ақ, Н. Назарбаев тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жылдарына көз жүгірте отырып, сондай кезеңде Ә. Кекілбайұлы секілді замандастырының болғанына шүкірлік білдірді. Мемлекет құрудың ауыр жолында күрделі міндеттерді жүзеге асыру кезінде Ә. Кекілбайұлының жанынан табылғанын ризашылықпен еске алды.

 «Әбекең қай қиырға салсаң да - қиядан көрінді, қай тереңге салсаң да - бойлатып та, ойлантып та шыға білді. Ойындағының орайын тапты, қай істе де қайраткерлік пен ерік-жігерінің үлгісін көрсетті. Мемлекеттік, қоғамдық қызметтің аласапыранында жүріп, қаламын одан әрі ұштай берді. Қазақ әдебиетін ғана емес, қазақ саяси ойлау жүйесінің жаңа белестерін қамтитын сындарлы толғаулар мен салмақты мақалалар жазды. Ел мен жердің бүгіні мен ертеңі туралы көсілген ой, көсемсөз арнады. Ел тағдырын, дін тағдырын, діл тағдырын ұштастырған ұлағатты пікірлер мен ұрымтал ойлары жұрттың жүрегіне жетті», деді Н. Назарбаев.