«А» корпусы кадрлық резервіне алынған тұлғалардың тізімі жарияланды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі «А» корпусы кадрлық резервіне алынған тұлғалардың тізімін жариялады.
Жалпы, бұның алдында хабарланғанындай, комиссия іріктеуінен кейін кадр резервіне 149 кандидат ұсынылды.
«Ұлттық комиссияның 2014 жылғы 27 мамырдағы корытынды отырысында іріктеу қорытындылары бойынша кадр резервіне 149 кандидат ұсынылды: оның ішінде мынадай лауазымдарға: жауапты хатшылар, аппарат басшылары - 7; Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің сектор меңгерушілері, билік тармақтары аппараттарының бөлім меңгерушілері - 27; комитет төрағалары, МҚІА-нің аумақтық департаменттерінің басшылары - 38; қала және аудан әкімдері - 65; тексеру комиссияларының төрағалары және мүшелері - 12», - делінген хабарламада.
Оның ішінде: мемлекеттік қызметшілер - 80 %, квазимемлекеттік сектордың, бизнес, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және жұмыссыздар - 20 %; ерлер - 84 %, әйелдер - 16 %.
Жалпы алғанда, «А» корпусының резервіне конкурс бір орынға 7 адамды құрады, былтырғы жылғы көрсеткіштен 2,9 есе көп. Бұл «А» корпусының кадр резервіне іріктеудің енгізілген жүйесі қоғамдық қолдауға және азаматтардың сеніміне ие болғанын куәландырады.
Ұлттық комиссияның және өңірлік комиссиялардың назарына тағайындаудың бұрынғы саяси сипатында әртүрлі факторларға байланысты басқарушылардың корпусына кіре алмаған кандидаттардың іліккені маңызды. Осылайша, «әлеуметтік лифт» тетігі толықтай қызмет ете бастағанын атап өтуге болады.
Сонымен бірге, іріктеуден өтпеген, алайда жетерліктей әлеуеті бар кейбір кандидаттарды Ұлттық комиссия «Б» корпусының өңірлік деңгейдегі басқарушылық лауазымдарына конкурстарға қатысу үшін ұсынды.
Осылайша, биылғы және былтырғы жылғы іріктеу қорытындылары бойынша «А» корпусының 533 лауазымына 553 адамнан тұратын резерв қалыптастырылды. Сондай-ақ, Ұлттық комиссия іріктеу кезінде кандидаттарды бағалау рәсімдері мен тәсілдері іс жүзінде жинақталған және ең үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып, жетілдірілгенін атап өтті.
«Осы жылдан бастап жетекші консалтингтік компанияларды жұмылдыра отырып, персоналды іріктеу және бағалау үшін құзыреттілік бойынша отандық тесттерді әзірлеу басталды. Осыған ұқсас отандық тесттер Қазақстанда ешқашан болмағанын айта кету қажет. Осы жұмыстарды сәтті өткізу 2015 жылдан бастап оларды «А» корпусының кадр резервіне іріктеудегі басым тест ретінде айқындауға жол ашады», - деп жазады агенттік.