«А» корпусына кандидаттарды іріктеуде орталық мемлекеттік органдар жанынан комиссия құру ұсынылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «А» корпусына кандидаттарды іріктеуде орталық мемлекеттік органдар жанынан комиссия құру керек. Бүгін Астанада мемлекеттік қызметті жетілдіру мәселелері бойынша дөңгелек үстелде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Саян Ахметжанов осындай ұсыныс білдірді.

«А» корпусына кандидаттарды іріктеуде орталық мемлекеттік органдар жанынан комиссия құру ұсынылды

«Орталық мемлекеттік органдардың рөлі мен жауапкершілігін күшейту үшін олардың жанында «А» корпусына кандидаттарды іріктеу бойынша кадрлық комиссияларды құру ұсынылады. Бұл комиссияларға бірінші басшылар жетекшілік етуі керек»,-деді ол.

Осы орайда С. Ахметжанов бүгінде әкімдер басқаруымен осындай өңірлік комиссиялар жұмыс істеп жатқандығын еске салып өтті.

Дөңгелек үстел барысында осындай комиссиялардың құрамына азаматтық сектордың және бизнес құрылымдардың өкілдерін енгізу қажет екені айтылды. Агенттік өкілінің пайымынша, бұл өз кезегінде ашықтық мен объективтілік элементтерін күшейтеді.