«А» корпусына үміткерлердің мемлекеттік тілден сынақ тапсыруы үлкен бетбұрыс - Ә. Бәйменов

АСТАНА. 29 мамыр. ҚазАқпарат - «А» корпусына барлық үміткерлердің мемлекеттік тілден сынақ тапсыруы үлкен бетбұрыс.
None
None

Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «А» корпусының кадр резервіне іріктеудің бірінші сатысының қорытындысы туралы баяндау кезінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов мәлім етті.

«Тұңғыш рет басшы лауазымындағы «А» корпусына барлық үміткерлер, оның ішінде барлық қала аудан әкімдері мемлекеттік тілден сынақтан өтті. Бұл үлкен жаңалық әрі үлкен бетбұрыстың бір көрінісі. «А» корпусына барлық үміткерлер мемлекеттік тілді білуден «ҚАЗТЕСТ» жүйесі бойынша тапсырды», - деді агенттік басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, «ҚАЗТЕСТ» өкілі академияның ғимаратында екі залда тестілеуден өткізіп, оларға академияның қызметкерлері бақылаушы болды және бейне қадағалау шаралары да жүргізілді.

«Олардың нәтижелерін біз қорытындылаған жоқпыз, яғни осы нәтижелерді «ҚАЗТЕСТ» өкілдері қорытты. Атап айтқанда, бұл нәтиже қазір сарапталу үстінде. Ең ұзақ тест мемлекеттік тілді білуден болды. Егер заңнаманы білуді тестілеу 80 минутқа созылса, ал мемлекеттік тілге 150 минут уақыт бөлінді»,-деді Ә. Бәйменов.

Естеріңізге сала кетейік, 15-27 мамыр аралығында «А» корпусының кадр резервіне кандидаттарды тестілеу жүргізілді. Оған қатысқан 1787 кандидаттың 499-ы «А» корпусының қызметшілері, 931-і өзге мемлекеттік қызметшілер, 357-сі мемлекеттік қызметші болып табылмайтын тұлғалар. Ал 64 кандидат тестілеуге келген жоқ.

Атап айтқанда, 1124 (62,9 пайыз) кандидат шекті мәнді еңсеріп, тестілеуден табысты өтті. 663 кандидат шекті мәнді жинай алмады. Енді олар іріктеудің келесі кезеңіне жіберілмейді

Айта кетейік, тестілеу барысында 100 балды толығымен 15 кандидат жинаған. Тестілеу бағдарламасына мемлекеттік қызмет саласындағы 10 заңды білуге арналған сұрақтар енгізілді.

Соңғы жаңалықтар