А корпусындағы мемлекеттік қызметшілерге америкалық мамандар дәріс оқиды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Назарбаев Университетінде «А» корпусының мемлекеттік қызметшілеріне арналған АҚШ мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру федералды институтының бес күндік семинары басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Президенті Әкімшілігінің бастамасымен ұйымдастырылған бұл жиында министрліктердің жауапты хатшылары мен облыстық аппарат басшылары көшбасшылық негіздері бойынша америкалық мамандардың дәрісін тыңдайды, басқарудағы күрделі міндеттерді орындау тәсілдерімен танысып, жаһандық әлемдегі заманауи сынақтарға төтеп беру жолдарымен танысады.
«Қазақстан мемлекеттік қызметін дамытудың бүгінгі сатысында "А копрусының", кәсіби мемлекеттік қызметтегі ең жоғары лауазым болып табылатын жауапты хатшылар мен аппарат жетекшілерінің орны ерекше. Сіздер барлық мемлекеттік органдағы кадрларды басқарасыздар, олардың үйлесімді жұмысын қамтамасыз етесіздер. Сіздер бұл лауазымдарға білімдеріңіз бен еңбектеріңіздің арқасында, өте күрделі сынақтардан өтіп тағайындалдыңыздар. Дегенмен, әрі қарай да өз әлеуеттеріңізді толық пайдалану үшін әлемде болып жатқан озық идеяларды, көшбасшылық, жетекшілік басқарудың жаңа тәсілдерін меңгергендеріңіз абзал», - деді мемлекеттік қызмет саласындағы Астана хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов семинардың ашылу салтанатында.
Сондай-ақ, комитет төрағасы америкалық институтты таңдаудың да өзіндік себебі бар екенін атап өтті.
«Не себепті АҚШ мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру институты? Себебі, бізде «А корпус», оларда - «Senior Executive Service» деп аталатын лауазымдарды әлем бойынша алғаш рет АҚШ енгізген. Дәл осы институт 50 жылдан бері жоғары лауазымды мемлекеттік қызметшілер үшін семинарлар өткізіп келеді», - деп өз сөзін түйіндеді Ә.Байменов.